08:09, 30 Желтоқсан 2009 | GMT +5
Новосветлов ауылындағы балабақшада алғаш рет Жаңа жыл шыршасы жағылды
КӨКШЕТАУ. Желтоқсанның 30-ы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/-Ақмола облысының Атбасар ауданындағы Новосветлов ауылындағы балабақшада алғаш рет жаңажылдық шырша оттары жағылып, балғындар ертегілер әлеміне саяхат шекті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық мәслихаттың депутаты Александр Клименконың айтуынша, мектеп жасына дейінгі мекемеге қараусыз қалған үйді қайта жабдықтап, 35 бүлдіршін қабылданған. Үш адам жұмыспен қамтамасыз етіліп, ата-аналардың алаңсыз еңбек етулеріне жағдай жасалған. Осы мақсатқа «Шыңғыс» және «Клименко-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер 5,2 миллион теңге қаржы қарастырып, қажетті жөндеу, жабдықтармен қамту шараларын өз мойындарына алған. Мұнда музыкаға, спорт ойындарына, тынығуға жеке бөлмелер ескерілген. Жаңажылдық алғашқы шырша бүлдіршіндер есінде қалары сөзсіз. Барлық мерекені серіктестік жетекшілері өздері ұйымдастырып отыр.