«Nur Otan»: Ақтөбеде 9 тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны салынады
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының аудандарында тұрмыстық қатты қалдық полигоны салынады. Сонымен бірге қоқысты сұрыптау салуға арналған 2 мың контейнер орнатылады. Бұл туралы облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Евгений Лазарчук сайлаушылармен кездесуде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Nur Otan» партиясы атынан облыстық мәслихат депуттаттығына үміткер, «Актобе, дыши» еріктілер тобының жетекшісі Евгений Лазарчук өңірдегі экологиялық мәселелерді өткір айтып, су қорын сақтау, көгалдандыру жұмысына белсенді қатысып жүр. Еріктілер тобы бұлақ көзін ашып, қала көшелеріне ағаш отырғызды. Ағаш кесу жұмысының ережесін түсіндіріп, отырғызылған көшетті суару жұмысының тиімділігін көрсетті.

Ақтөбеліктерге жақсы таныс үміткер Евгений Лазарчук бүгін «Мега шығыс» сауда үйінде сайлауалды бағдарламаны түсіндірді.
«Экология адам денсаулығына тікелей әсер етеді. Соңғы кездері адамдар арасында маусымдық аллергия көбейіп, онкологиялық ауру түрі артты. Балалардың туа бітті ауруы тіркеліп жатыр. Сондықтан біз осы мәселені шешу жолында үлес қосып жүрміз. Бұл тек Ақтөбе өңірінің емес, елімізде өзектілігі еселенген мәселеге айналғанын бәрі біледі. Сонымен бірге қуаңшылық, құм көшкінін тоқтату. Мұның бәрі бағдарламада бар», - деді Евгений Лазарчук.

«Nur Otan» партиясының мақсаты - атмосфераны ластаушы заттардың эмиссиясын төмендету және қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері саласындағы өңірдің әлеуетін тиімді пайдалану. Бұл үшін алдағы бес жылда Ақтөбе ферроқорытпа зауытының шаң және газ сүзгісі, Ақтөбе хром қосындылары зауытының технологиялық жабдықтарының шаң-газ тазарту қондырғысы қайта жаңартылады.
«Өңірде 9 тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны салынады. Атап айтсам, 2021 жылы Байғанин, Мәртөк және Қобда аудандарында, 2022-2025 жылдары Әйтеке би, Қарғалы, Темір, Ойыл және Ырғыз аудандарында. Біз енді сол қалдықты сұрыптап, әр жәшікке тек қажеттісін ғана салуды үйретуіміз керек. Осы арқылы өңдеп, қайта қолдану жолы ашылады. Адамдардың мәдениеті, жауапкершілігі артса, экологиялық ахуал жақсарады. Сонымен бірге облыстың қалалары мен аудандарында қоқысты бөлек жинауға арналған 2 мың контейнер орнатылады», - деді үміткер.



Евгений Лазарчук сайлаушылардың жағымсыз иіспен күрес жұмыстарын жиі сұрайтынын алға тартты. Әсіресе жаз айларында Ақтөбе қаласының тұрғындары өндіріс орындары мен түрлі кәсіпорындардың үздіксіз жұмысы кезінде шағымы көбейеді. Бұл сұрақтардың жауабы партияның сайлауалды бағдарламасынан табылды.
«Жыл сайын 396 га жерге 1,3 млн ағаш отырғызу міндеті алға қойылды. Нәтижесінде 2025 жылға қарай атмосфераны ластаушы заттардың эмиссиясын 255 мың тоннаға дейін төмендетуге және қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мен кәдеге жарату үлесін 15% жеткізуге мүмкіндік береді. Біз бірге болсақ, бар қиындықты еңсереміз. Ақтөбе облысының тұрғындарын партияға сенім артып, дауыс беруге шақырамыз. «Nur Otan» барлық азамат үшін ашық. Біз кез келген ұсынысты қолдауға дайынбыз. Ел болашағын бағдарлауда сырт қалмай, үлес қоссақ, ертеңіміз жарқын болады», - деді үміткер.
«Мега шығыс» сауда орнының сатушылары мен келушілеріне партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырған Евгений Лазарчук экономикалық-әлеуметтік даму, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, білім мен медицина, жастарды қолдау және тарих пен мәдениет саласындағы басым бағытттарға тоқталды. Сайлаушылар 2021 жылдың 10-қаңтарында өз таңдауын жасап, ұрпақ үшін дауыс беретінін айтты.
Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!.
«Nur Otan» партиясы Ақтөбе облысының Сайлау қорының қаражатынан төленді.