«Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалының төрағасы тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады

Қабылдау барысында облыс әкімі, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы филиалының төрағасы Сергей Александрович Дьяченко әр келушінің мұң-мұқтажын ыждахаттылықпен тыңдап, бірқатарының сол мезетте шешілуіне ықпалдасса, енді бірін өз бақылауына алатынын, тиісті ведомстволар мен басқармалар басшылығына тапсыратынын жеткізді. Бүгінгі жүздесуге келендердің дені зейнеткерлер, әлеуметтік сала өкілдері, жұмыссыздар болды. Еңбек ардагері Үміт Әбілованы тұрғын үй жайы толғандырса, Қайролла Дәмеков электрмен қамтамасыз ету, оның бағасының қымбаттығын сөз еткен. Темірхан Әлібеков жұмыспен қамтамасыз етілуді, Раушан Жанайдарова «Көкшетау қалалық электр желісі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі келеңсіздікті қозғаған. Жалпы, жеке өтініштермен келген сегіз адамның бесеуі баспаналарының жайсыздығын, жайлы үймен қамтамасыз етілуіне қолұшын беру жөнінде сауал қойып отыр. Өз кезегінде филиал төрағасы келушілердің талап-тілектерінің заңды түрде қаралып, мүмкіндігіне қарай шешімін табатынын жеткізді.