«Нұр Отан» ХДП астаналық филиалы алдағы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауына арналған тұғырнаманың жобасын бекітті

Бүгін Астанада «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Онда алдағы жылы 15 қаңтарда өтетін Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауына арналған «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасының жобасы талқыланды.
«Кез келген сайлаудың түп негізі, жеңіске жетудің басты кепілі - сайлауалды бағдарлама», - деп атап өтті сайлауалды тұғырнаманың жобасымен таныстырған «Нұр Отан» ХДП Астаналық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов.
Ә.Рахымжанов атап көрсеткендей, 2007 жылы өткен Парламент Мәжілісі сайлауында «Нұр Отан» партиясы айқын жеңіске жетіп, жеңіске жеткен партия ретінде Қазақстан Респбуликасының Үкіметін құрды. «Бүгінгі күні 2007 жылы жарияланған сайлауалды тұғырнама толық орындалғанын нық айта аламыз. Осы нәтиже Елбасы сенген «Нұр Отан» партиясының ел мүддесін орындауды мақсат еткен, уәдесін орындайтын партия екенін білдірді», - деп жалғастырды ол.
«Қазақстан. 2017 жылға дейінгі мақсаттар. Ұлттық іс-қимыл жоспары» атты партияның сайлауалды тұғырнамасында «Нұр Отан» партиясының алдағы уақыттағы басты міндеттері мен қызметінің негізгі кезеңдері айқындалған.
«Аталмыш жобаның мақсаты Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес айқындалды», - деп түйіндеді Ә.Рахымжанов.
Партияның сайлауалды тұғырнамасының жобасын кеңейтілген кеңеске қатысқан партияның саяси кеңесінің мүшелері бірауыздан қолдады.