«Нұр Отан» ХДП аудандық филиалдары конференцияларында өзекті мәселелер де көтерілуде - БҚО

Қазталов ауданында өткен есеп беру сайлау конференциясында «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марат Тоясов баяндама жасаса, облыстық филиал саяси кеңесінің мүшесі, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Тұяқбай Рысбеков, аудан әкімі Табылғали Сапаров және басқалар өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Жиында айтылғанындай, партия ұйымы есепті мерзім ішінде біршама жұмыстардың көшбасшысы, ұйымдастырушы бола білді. 2000-ға жуық мүшесі бар аудандық ұйым жылдан жылға өз қатарын көбейте түсуде. Тек өткен жылы партияға 168 адам қабылданды. Партия ұйымы аудан тұрғындарына медициналық көмек, «Таза су» бағдарламасының орындалуы, кәсіпкерлікті қолдау, тағы басқа да істердің орындалуына ұйытқы бола білді. Сондай-ақ аудан әкімдігімен және аудандық мәслихат депутаттарымен қоян-қолтық жұмыс жасай отырып, белгілі бағдарламалардың орындалуына қол жеткізді.
Конференцияда бірқатар өзекті мәселелер де айтылмай қалған жоқ. Мәселен, «Отандастар» акциясы кезінде 12592 ұсыныс түскен. Ал мұның ішінде көп көтерілген мәселе жол салу, таза сумен қамту, жұмыс орындарын ашуға қатысты болды. Ақпәтер ауылдық округінің әкімі Әбдір Айтуғанов, Қошанкөл ауылдық бастауыш партия ұйымының төрағасы, мұғалім Мирбол Адаялиев, Бірік орта мектебінің директоры Уәлихан Жағыпаровтар Ел Президентінің өкілеттік мерзімін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде референдум өткізуді қызу жақтайтындықтарын білдірсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есімхан Менешев партия ұйымы ауылдық жердегі шешімін таппай тұрған мәселелерге, соның ішінде Орал-Қазталов-Жәнібек жолын асфальттауды тездетуге көбірек мүдделілік танытса деген пікірін жеткізді.