17:04, 24 Ақпан 2009 | GMT +5
«Нұр Отан» ХДП-да «электронды үкімет» Мемлекеттік бағдарламасын дамыту мәселесі қаралады
АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Ақпанның 27-сінде «Нұр Отан» ХДП Партиялық бақылау комитетінің кезекті отырысы өтеді.
Бұл туралы бүгін партияның ресми өкілі Оксана Петерс мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.О.Петерстің айтуынша, Комитеттің күн тәртібінде «электрондық үкімет» Мемлекеттік бағдарламасын дамыту мәселесі қаралатын болады. «Нұр Отан» партиясы қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып «электрондық үкімет» пен «электронды әкімшіліктер» құрудың ұйымдастырушылық, құқықтық жүйесін қалыптастыруға барынша септігін тигізетін болады. Бүгінде Республикада «электрондық үкімет» бағдарламасын енгізумен, сондай-ақ электрондық мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асырумен «Атамекен одағы» ҰЭП-ның төрағасы, Партиялық бақылау комитетінің мүшесі Азат Перуашевтің басшылығындағы Сараптамалық комиссия жұмыс жасап отыр», - деді ол. Отырысқа қатысатын мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері аталған Комиссияның өткен уақыт ішінде атқарған жұмыстарын талқылайтын болады.