«Нұр Отан» ХДП доктринасы - партияның болашақтағы бағдаршамы - С. Есілов

«Біз «Нұр Отан» ХДП-ның кезектен тыс ХҮ съезіне қатысып отырмыз. Ертең пленарлық отырыста доктрина жобасы талқыланады. Менің ойымша, бұл доктрина - келешекте көзделіп отырған, партияның алдында қойылған мақсаттары. Ол Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «2050-Стратегиясымен» тікелей байланысты. Өйткені, партияның басты мақсаты - халықты жұмылдырып, сол Стратегияны іске асыру. Ең басты бағыт та, ең басты мақсат та - осы. Барлығымыз жақсы білеміз, «Қазақстан-2050» Стратегиясында еліміз қайда барады, халқымыздың жағдайы қалай болады, дамыған елдердің ортасынан қандай орын аламыз деген мәселелердің барлығы белгіленген», - деді ол ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Қазақстан алға қойған мақсатының барлығына қол жеткізіп келе жатқан мемлекет. Осы жолда «Нұр Отан» партиясының атқарған қызметі де ұшан-теңіз.
«Мен өзім партия мүшесімін, «Нұр Отанның» ең бірінші съезінің делегатымын. Сондықтан Президенттің Тәуелсіздік жылдарында алға қойған барлық бастамалары мен тапсырмаларының толық орындалып келе жатқанының куәсімін. Ол Астананы саламыз деді - салдық, бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіреміз деді - кірдік. Ал енді алдымызға 30 дамыған елдің қатарына кіру, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, мемлекеттік тұғырды бекітіп, халықтың тұрмысын жақсарту міндеттері қойылды», - деді С. Есілов.
Халық қалаулысы тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту мәселесін мысал ретінде алға тартты.
«Қолжетімді баспана» бағдарламасы бүгінде жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Әрине, халықтың барлығын қолжетімді баспанамен қамту қиын шаруа. Дегенмен, бұл бағдарлама өз жемісін беріп келеді. Астанада қазірдің өзінде Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі жүйесі бойынша салынған үйлер пайдалануға беріліп жатыр. Тағы бір мысал - үлескерлер мәселесін шешудегі бұған дейінгі мемлекеттік бағдарлама. Барлығымыз жақсы білеміз, әлемде болып жатқан дағдарысқа қарамастан ел Үкіметі үлескерлерге қаржы бөліп, қол ұшын берді. Тек Астана қаласы бойынша үміті үзілген 40 мыңнан астам үлескер пәтерлеріне қол жеткізіп, қоныс тойын тойлады», - деді мәслихат хатшысы.