«Нұр Отан» ХДП фракциясы көлік пен тұрғын-үй салығына қатысты үкіметтің ұсынысымен келіспейді - Н. Нығматулин

Бұл туралы бүгін Мәжіліс Төрағасы, фракция жетекшісі Нұрлан Нығматулин «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралған парламенттік фракция жиынында мәлімдеді.
«Бұл заң жобасы халықты да, депутаттарды да бей-жай қалдырған жоқ. Әсіресе, автокөлік пен баспанаға салық мөлшерін көбейту алаңдаушылық тудырып отыр», - деді Нұрлан Нығматулин.
Мәжіліс Төрағасы, парламенттік фракция жетекшісі осы екі салмақты сұраққа қатысты нұротандық мәжілісмендердің ұстанымын жеткізді.
«Жалпы алғанда заң жобасы, салықтық әкімшілендіру жүйесін жетілдіруге бағытталған, біз оны толықтай қолдаймыз. Алайда, көлік пен тұрғын-үй салығына қатысты Үкімет ұсынып отырған түзетулермен келісе алмаймыз.
Өйткені, Елбасы 2008 жылғы Жолдауында қымбат мүліктер мен бағалы көліктерге жанама салықтар енгізу туралы нақты тапсырма жүктеген. Ол ескерілмей, керісінше, осының барлығы орта санаттағыларға аударылған. Сондықтан бүгінгі біз қарап отырған Салықтық кодекске енгізілген Үкіметтік түзетулер Президентіміздің аталған тапсырмасына сәйкес өзгертілуі тиіс деп есептейміз»,- деді Нұрлан Нығматулин.