"Нұр Отан" ХДП Халықтық тұғырнамасын жүзеге асыру барысы туралы» республикалық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті

Алқалы жиын барысында сөз алған «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты басшысының орынбасары Расул Оразғұлов партия басшылығының бүгінгі семинарға ерекше мән беретіндігін айта келіп, «Қазақстанның дағдарыстан кейінгі дамудың жаңа кезеңіне шығуына байланысты партия Халықтық тұғырнамасын жүзеге асырудың өткен 3 жылдағы қорытындыларын пайымдау, осы үрдіс барысында туындаған проблемаларды анықтау және талқылау қажетті туындап отыр. Сонымен қатар жаңа жағдайда Халықтық тұғырнаманың мақсаттарына қол жеткізуде тың жол табудағы партияның жұмыстарын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу қажет», деді.
Оның пайымдауынша, аталған тұғырнаманы іске асыруда оң серпін байқалып, халықтың кірісі тұрақты өскен. Сондай-ақ әлеуметтік салаға және экономиканы жаңғыртуға бағытталған шығындар көлемі біршама артқан.
«Экономикадағы жаһандық дағдарыс әлемнің барлық елдерінің дамуына әсерін тигізді. Бұл Қазақстанда экономиканың өсіміне, Халықтық тұғырнаманың жекелеген бағыттарын жүзеге асыруға әсер етті», деп атап өтті Р.Оразғұлов.
Ол осыған орай бүгінгі шараға пікірлерді ескеру және одан әрі жұмыс істеуде практикалық ұсыныстарды талдауға партияның аймақтық өкілдері шақырылғандығын баса айтты.