«Нұр Отан» ХДП ХІІ съезі партия тарихындағы бетбұрысты сәт болып, оның қуатын арттыра түсуге көмектеседі ? «КТК» АҚ бас директоры А.Шораев

АЛМАТЫ. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат /Елена Ильинская/ - Елдің жетекші саяси партиясы «Нұр Отан» ХДП биыл өзінің 10 жылдығын атап өтеді. Оның осы кезеңдегі жұмысының қорытындылары Астанада мамырдың 15-інде өтетін партияның ХІІ съезінде шығарылады.
None
None
Осы оқиғаның қарсаңында «Нұр Отанның» дағдарыс жағдайындағы жаңа міндеттері жайлы ҚазАқпарат тілшісіне осы партияның мүшесі, «КТК» АҚ бас директоры Арман Шораев айтып берді. Оның пікірінше, съезд партияның тарихындағы бетбұрысты сәт болмақ және оны халыққа жақындатып, күш-қуатын арттыра түспек. - Арман Төлегенұлы, сіздің арна халықтық ретінде көрініп келеді, оның форматы, техникалық мүмкіндіктері және тиісінше, рейтингілері қалай өзгерді? Сіздер өздеріңіздің ақпараттық және публицистік бағдарламаларыңыздың әлеуметтік бағыттарын сақтап отырсыздар ма және бүгінде осы тақырып бойынша эфирде қандай арнайы жобалар жүзеге асырылуда?- «КТК» ұлттық таратушы мәртебесі бар Қазақстанның алғашқы жеке телеарналарының бірі, соңғы 15 жыл бойы елдің телевизиялық нарығындағы мойындалған көшбасшы болып келеді. 2008 жылдың басында жаңа брендін жүзеге асыра отырып, КТК ең ауқымды аудитория үшін ақпараттық-ойын-сауық арнасы болып қала отырып, өзінің бағдарламалық мүмкіндігін сапалы жаңарту арқылы және бағдарын бұрынғыдан да нықтай отырып, көрермендерінің санын бұрынғыдан да арттыруға ұмтылып отыр. Сайып келгенде, біз «халықтық» арна ретіндегі бағдарымызды ұстана отырып, ең алдымен тұрғындарымызбен қатар ел Үкіметіне де әлеуметтік міндеттерді шешуге көмектесіп келеміз. Біз әйтеуір бір сынап қалайық, деген мақсатты көздеп отырған жоқпыз, бұдан былай да қоғамдық пікірдің пәрменді тетігі болғымыз келеді. КТК жалпыхалықтық арна ретіндегі көп жылғы беделін қымбат санай отырып, өзінің ақпараттық және публицистік бағдарламаларының әлеуметтік бағытын сақтаумен қатар, оларды жаңа жарқын жобалар блогымен байыта түсуде. Мысалға, «Репортер» арнайы жобасы - өзекті әлеуметтік мәселелерді қозғайтын сенсациялық журналистік зерттеулер, «Халықтық батыр» апталық бағдарламасы - ізгі жүректі, жан жылуы мол, ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсеткен адамдар жайлы, «Миллиондардың жүрек отын жақ» - халық таланттарының ойын-сауық шоу бағдарламасы, «Наталья Крыловамен бірге денсаулығымызды түзейік» бағдарламасы - салауатты денсаулық пен рух тақырыбына жаңа көзқарас. КТК жаңа маусымда «реалити» элементтері зор ойын шоуы қосылған жаңа көптеген ойын-сауық бағдарламасын дайындайды.КТК көрермендерінің көпшілігі сүйіп қарайтын Еуразиялық телеакадемияның академигі Артур Платоновтың «Апта портреті» авторлық бағдарламасы бұрынғыша эфирде болады. Бүгінде ол Қазақстанның бүкіл ТВ кеңістігіндегі рейтингісі ең жоғары жоба болып отыр, өйткені онда көрерменнің көкейінен шығатын кез келген тақырып қозғалады, кейде біреулердің шамына да тиіп жатады, алайда біздің бүкіл қоғамымызды толғандырып отырған өзекті тақырыптарды қаузайды. Көптен бері көрсетіліп жүрген тағы бір публицистік бағдарламаның бірі - қазақ тіліндегі «Алаң жұрт» та мемлекеттік тілдегі бағдарламалар арасында едәуір жоғары рейтингіге ие болып отыр.Арнайы жобалардың арасында «Мені ізде» әлеуметтік публицистік бағдарламасының арқасында жылына 100-ден 150-ге дейінгі өз жақындарынан ажырап қалған жандарды үйіріне қосып отырмыз. 2008 жылы қазаннан бастап қолға алынған «Үйге бастайтын жол» бағдарламасы маңызды тақырып - жетім балаларды асырап алу мәселесіне арналып отыр. Мен арнаны екі жылға таяу уақыт басқарып келемін, осы жобаны мемлекеттік органдар шенеуніктерімен, Ана мен бала істері комитетімен, Білім және ғылым министрлігімен, прокуратурамен және басқа да тиісті орындармен келісуге бір жылдан аса уақытымды жұмсадым. Біз бұл хабарымызда жетім балаларға олардың болашақ әлеуетті ата-аналарын, олар үшін жайлы бола алатын, жүрек жылуын беруге әзір отбасыларын көрсетіп отырдық. Бүгінде балалар үйлері толып кеткені кім-кімге де аян. Бұл балалар үшін жауапкершілік мемлекетке жүктеледі, мен де одан шет қалмауға тиіспін, Оның үстіне ірі арнаның менеджері ретінде біз бұл міндетті мемлекетпен және «Нұр Отан» ХДП-мен бірлесе отырып шешуге тиіспіз. Өкінішке қарай, бала асырап алу жолында төрешілдік кедергілер аз емес, дегенмен біздің бағдарламамыздың арқасында 30-ға тарта бала жаңа отбасыларына қосылды.Арнаның рейтингісі қандай екенін біздің хабарларымыздың атауының өзі-ақ көрсетіп тұр. Бізге таяу тұрған бәсекелес «31-арнаның» «Информбюро» жаңалықтарының өзі 2-3 позициядай кейінде тұр. Жаңалықтар дағдарыс кезінде неғұрлым қажетірек, сондықтан да КТК-да жаңалықтардың жіті және жолға қойылған форматы қалыптасқан. Ақпараттық жаңалықтар күні бойы қазақ және орыс тілдерінде дамытылып беріліп отырылады. Техникалық мүмкіндіктер елдегі және одан тысқары жерлердегі маңызды оқиғаларға тікелей қосылуға жағдай туғызады. Біздің телекомпанияның техникалық жарақтануы Қазақстанда ең жоғары деңгейде. Біз сервер арқылы хабар тарататын бірден-бір арнамыз. КТК-ның тілшілер желісі Қазақстанның көптеген облыстарын қамтиды, болашақта бүкіл Қазақстанды тұтастай қамтудың жолдарын қарастырып отырған жоспарларымыз бар. Аймақтар біз үшін өте маңызды, өйткені өкінішке қарай көптеген келеңсіздіктер ауылдық жерлерде, шалғай ауылдарда болып жатады, әсіресе, дағдарыс жағдайында. Сонымен қатар өмірдің жақсы мысалдары да аз емес, адамдар дағдарыс салдарымен күресуде, әсіресе жұмыссыздықты болдырмаудың шаралары жер-жерде қолға алынып жатыр. Біз мұндай әлеуметтік мәні зор тақырыптарды қапы жібермеуге тырысамыз. Бүгінде КТК 20-дан астам ірі киноөнімдер өндірушілермен және дистрибьюторлармен ынтымақтасып келеді. Соның арқасында арна эфирінде «жүз пайыздық кинохиттар», әлемдік кинематографтың барлық жанрларының ең жоғары кассалық фильмдері, шытырман оқиғалы, детективтік, мелодрамалық және комедиялық телесериалдар толассыз көрсетіліп жатады. Біз «Worner Brothers», «Universal», «Metro Goldwyn Mayer» компаниялары және басқалары сияқты кинематограф мэтрлерімен тікелей жұмыс жасаймыз. Бұл бізге ең жаңа дүниелерді көрермендерімізге ұсынуға мүмкіндік береді, кейде біздің премьераларымыз ресейлік «1-арнадан» да алға түсіп кетеді. - Арман Төлегенұлы, дағдарыс жағдайында сіздерде кадрларды жұмыспен қамту жағы қалай, қызметкерлерді қысқарту жоқ па?- Кезінде И.В.Сталиннің өзі кадрлар бәрін де шешеді деген екен. Шынында да кадр мәселесі қашанда күрделі. Біз шындап келгенде кадр тапшылығын сезініп отырмыз, ал соңғы 5-6 жылда журналистикада әйелдер жағы басым болып жатқаны байқалады. «Адамды тұрмыс билейді» дегендей, аласапыран кездерде көптеген жігіттер ақшасы молырақ, банк секторы, кеден сияқты және басқа да күлшесі мол жерлерді жағалап кеткені жасырын емес. Бүгінде банктердің айналасында не болып жатқанын өзіңіз де көріп отырсыз. Дағдарыс кезінде білікті кадрлар біздің арнаға, «Хабар», «Қазақстан» сияқты арналарға, сондай-ақ сіздерге - ҚазАқпаратқа да оралар деп сенемін. Кәсіби мәселелерге тоқтала кетейін. Бүгінде бізде экономикалық журналистика едәуір ақсап тұр. Жалпы алғанда, журналистік білім мәселесі - даулы нәрсе. Мәселен, Батыста журналистика факультеті деген мүлде жоқ. Менің өзім филологпын, орыс тілі мен әдебиетін жақсы білем деп айта аламын. Сондықтан да жақсы журналист болуы үшін арнайы білім қажет деп санамаймын. Керісінше, менің қолымнан журфакты қызыл дипломмен бітірген, алайда ешқандай журналистік мамандықты меңгермеген талай түлектер өтті. Бұл арада журналист болу үшін құдай берген талант, сосын, үйренуге және оқуға деген құштарлық қажет-ау деп ойлаймын. Мен БАҚ-та 20 жылға таяу уақыт жұмыс істеймін, әр күн сайын үнемі оқып үйреніп, ізденіп отыруды жалғастырып келемін. Экономикалық блокқа оралар болсақ: біздің телекомпанияда іскерлік жаңалықтарды жолға қою ойда бар (қайталап айтайын, бұл әсіресе дағдарыс кезеңінде өте-мөте қажет), бірақ РБК стилінен өзгешерек болмақшы. Біз бұл ақпарат банкирлер мен қаржыгерлер сияқты мамандардың тар шеңберіне емес, өз жинақтарын қайда сақтау керек, жылжымайтын мүлікті, жерді т.б. сатқан немесе сатып алған дұрыс бола ма, деген сияқты көпшілікті толғандырған, қарапайым адамдарға бағытталуы тиіс. Оны жүзеге асыратын кадрлар бар, тіпті олар болмаса, өзіміз тәрбиелеп өсірмекпіз. Біз өз қызметімізге әрқашан да жауапкершілікпен қараймыз, бұдан жарты жыл бұрын біздің ақпараттық бағдарламаларымыздың жетекшілері украин телеарналарында тәлімдік тәжірибеден өтті. Бүгінде Украинадағы телеарналар бәсекеге аса қабілетті болып отыр, бұл орайда олар көп жағдайда ресейліктерді де жолда қалдырып кетеді. Сондықтан да біз өз әріптестерімізден үйренуге арланбаймыз, жастарды өзімізге тартып, оларды тәрбиелеп өсіруге тырысып отырамыз, сөйтіп отандық арналармен ғана емес, мәселен ресейлік «1-арна», НТВ және басқалармен де бәсекеге түспекпіз. - Сіз «Нұр Отан» ХДП мүшесісіз, сондықтан да партияның ХІІ съезі қарсаңында және «Нұр Отанның» 10 жылдығына орай партияның рөлі және еліміздің дамуындағы және халықтың тұрмысын жақсартудағы оның перспективалары туралы пікіріңізді білгіміз келеді.- Мен «Нұр Отан» ХДП мүшесі екенімді ешқашан жасырған емеспін, ол ең алдымен біздің еліміздегі болып жатқан барлық оқиғаларға алдымен жауап беруі тиіс деп ойлаймын. КТК-ның «Нұр Отан» партиясымен ынтымақтастығы арқасында халық Ұлттық қордан бөлінген ақшаның үлескерлерге немесе кәсіпкерлерге қалай жетіп жатқанын біліп отырады. Біз соның бәрін көрсетіп отырмыз. Мен өзім ҚР Президенті Әкімшілігінен шыққан адам болғандықтан, партия көтеріп отырған ең басты міндет сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу болса керек, деп өз алдыма міндет қойдым. Партия дегеннің өзі маңызды, сондықтан да кез келген партиялық жоба оны ұйымның қатардағы мүшелері қолдағанда ғана өмір сүруге қабілетті деп сенемін. Бізде партияның беделі оның жарқын тұлғалары арқасында сақталып отыр, айталық «Нұр Отанның» беделінің 99 пайызы оның көшбасшысы - Президент Н.Ә.Назарбаевқа арқа сүйеп отыр. Бұл жалпы алғанда, әлемдік практикада солай, дегенмен кез келген өрісін ұзартып, ұзақ уақыт жұмыс істеуге бекінген партия өз көшбасшысының көлеңкесінде қалып қоймауы керек. Әрине, оны қалыптасудың алғашқы кезінде түсінуге болады. Мен партиямыздың ХІІ съезінен бетбұрысты сәт болады, ол халыққа бұрынғыдан да жақындай түседі деп күтемін. Біздің партиямызда жақсы, құрметті, талантты адамдар жетерлік: олар құрылысшылар, кәсіпкерлер, дәрігерлер, заңгерлер, мұғалімдер, мемлекеттік шенеуніктер, әртістер, журналистер, өкінішке орай, олардың көпшілігі қалаларда тұрады, сондықтан да олардың қызметтері, немесе қандай да бір әлеуметтік жобалары немесе қоғамдық мониторингі қаламен байланысты. Ал облыстарда «Нұр Отан» көбіне-көп «отырып кететін кеңсе» сияқты әсер қалдырады. Мысалға, шенеунік қызметтен босап қалды делік, әкім оны қайда жіберерін білмей басы қатады, сосын жергілікті партия ұйымын басқара тұрсын, кейіннен көре жатармыз дейді. Партияға аймақтарда әзірге осындай көзқарас бар, ол кәдімгі вокзал іспетті, шамаданын ұстап, уақытша келген адам сияқты. Ал ауыл адамдарына бір көмек жасау ойында жоқ, өзінің жұлдызды сағатын күтіп отырған жандай. Ал партия жұмысы осындайдан ақсайды, оның беделі түседі. Беделді проблемалар бар жергілікті жерде жинауды ойластыру қажет, жергілікті жерлердегі бастауыш партия ұйымдарының басшылары күшті, өзіндік пікірі бар, халық мүддесі үшін тау қопаратын, қолынан іс келетін адамдар болуға тиісті. Ал уақытша адамдардан ешқашан да пайда болған емес. - Мемлекет басшысының «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Жолдауын жариялағалы екі ай өтті. Ондағы өзекті басымдық - дағдарыс салдарымен күресте барлық қоғамдық-саяси күштердің топтасуы. Арнаның қызметі Жолдау міндеттерімен қалай үндесіп жатыр және Сіз өзіңіз дағдарысқа қарсы бағдарламаны, «Жол картасын» және тағы басқаларын жүзеге асыру жөнінде қандай пікірдесіз?Жолдауды насихаттаудың жақсы жолы ? ондағы Мемлекет басшысы берген нақты тапсырмаларды іске асыру. Ол бүгінгі таңдағы проблемаларды шешуге мүмкіндік беретін нақты нәрселер, қарапайым қадамдар туралы айтты. Егер Үкімет бұл проблемаларды тиімді шешіп жатса, алға қойған міндеттер үдесінен шығып жатса, біз өз тарапымыздан оларды қуана көрсетеміз, жұрт бәрін көреді, жасалып жатқан жақсылықтарға ризашылықтарын білдіреді. Мысалы, жақында нақты деректі көрсеттік - мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үйдің іске қосылуы. Бұл қуаныш сезімін тудырады, адамдар баспанаға ие болады немесе бір жерлерде көпір салынды, немесе елім деп келген оралман жайластырылды. Бұлардың бәрі -Үкіметтің нақты іс-әрекеттері. Біз осындай игілікті істерді міндетті түрде көрсетеміз, біз ештеңені ойдан шығармаймыз, ол үшін нақты іс жүзеге асырылуы тиіс. - Сұхбатыңызға рахмет! Анықтама: А.Шораев 1970 жылы мамырдың 7-сінде Көкшетау облысының Володар ауданында туған. Көкшетау педагогикалық институтын (1990 ж.), «Әділет» құқық жоғары мектебін ( 2001 ж.) және Көкшетау экономика және менеджмент институтын (2005 ж.) бітірген. Орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі, заңгер, экономика магистрі. Көкшетау облыстық радиосының жастар хабарлары редакторы (1989-1991 жж.), Көкшетау облыстық телерадиокомпаниясының тікелей эфир бағдарламаларын жүргізуші (1991-1995 жж.), «Оқжетпес» тәуелсіз ТРК директоры (1996-1997 жж.), КТК арнасының Астана бойынша меншікті тілшісі (1997-1999 жж.), Ақмола облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы (1999-2004 жж.), «Хабар» агенттігі АҚ орталық бюросының директоры (2004-2006 жж.), ҚР Президентіне үміткер Н.Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабы баспасөз қызметінің жетекшісі (2005 ж.), «Хабар» агенттігі АҚ бас директорының орынбасары (2006 ж.), ҚР Президенті Әкімшілігі әлеуметтік-саяси бөлімінің бас инспекторы (2006-2007 жж.) болып жұмыс істеді. 2007 жылғы маусымнан бері - «Коммерциялық телеарна» АҚ бас директоры. Қазақстан журналистер конгресі атқару комитетінің және ҚР Президенті жанындағы БАҚ жөніндегі Қоғамдық кеңестің (ақпараттық саясат) мүшесі.
Соңғы жаңалықтар