«Нұр Отан» ХДП Көкшетау қалалық филиалының есеп беру сайлау конференциясында 2008-2010 жылдар аралығындағы жұмыс қорытындысы сарапталды

онда 2008-2010 жылдардағы жұмыс қорытындысы сарапталды, келер жылдарда атқарылар міндеттер айқындалды.
Жылдың бас жиынына 33 бастауыш партия ұйымыннан сайланған 145 делегат қатысып, күн тәртібіне орай партияның жұмыс қорытындысын, бақылау-тексеру комиссиясының есебін, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының 2020 жылдарға арналған бағдарламасының жобасын қарастырып, ұйымдық мәселелер сараланды. Қалалық филиал төрағасы Мұнарбек Батырхановтың айтуынша, өткен жылы әлеуметтік-экономикалық салада өркендеу тіркеліп, тұрғындардың әлеуметтік мәселелері шешімін тапқан. Бұл істе нұротандықтар алдыңғы қатардан көрініп, жарқын істердің бастаушысы бола білген. Өткен мерзімде партия қатарына 612 адам өткен. Осы уақытта филиал жанындағы қоғамдық қабылдауға 400-ге тарта өтініш түсіп, оның 70 пайызы бойынша оң шешім қабылданыпты. Сауалдар негізінен тұрғын үй жайын жақсарту, коммуналдық қызмет сапасы, еңбекақы мен зейнетақы, басқа да әлеуметтік төлемдер, құқық қорғау органдарының заңсыз әрекеттерін қамтыған. Мінбеге көтерілген делегаттар партия-ұйымдастыру жұмысын, идеологиялық, қоғамдық-саяси шараларды жақсартуға бағытталған ұсыныстарын ортаға салып, ойларымен бөлісті.
Конференция жұмысына қатысқан «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Сергей Дьяченко аймақтың әлеуметтік дамуы, қаланың көркі мен сәулетін жақсартуға қатысты маңызды шаралар, Елбасының өкілеттілігін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзартуға қатысты республикалық референдумды өңірдің 65 пайыз сайлаушылары қолдап отырғанын тілге тиек етіп, жаңа құрамға партиялық жұмыстарды одан әрі жақсарта түсуге тілектестігін білдірді.
Делегаттар қалалық филиал төрағалығына шаһар басшысы Мұнарбек Батырхановты, саяси кеңес және бақылау-тексеру комиссиясының мүшелерін, облыстық есеп беру-сайлау конференциясына 17 делегатты сайлады.