«Нұр Отан» ХДП Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы сайланды

Республика Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихатттар депутаттары сайлауының қорытындылары, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын жариялауы облыстық партия ұйымының жұмысын жаңа деңгейге көтеруді талап етуде.
Осындай маңызды өзгерістерді ескере отырып, партияның Саяси кеңесінің Бюро мәжілісі кезекті конференция өткізуге шешім қабылдаған болатын.
«Нұр Отан» ХДП Жарғысына сәйкес Маңғыстау облысы партия ұйымының конференциясына барлық аумақтық филиалдардан 60 делегат сайланды.
Жиын барысында алда атқарылар серпінді жоспарлар жөнінде айтылып, дауыс беру арқылы партияның облыстық филиалының төрағасы болып облыс әкімі Бауыржан Мұхамеджанов сайланды.
«Шешім қабылданды. Осылайша, көпшіліктің ұйғарымымен облыстық партия төрағасына Бауыржан Мұхамеджанов тағайындалды. Оның кандидатурасы Партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен келісілген. Мемлекет басшысы Бауыржан Әлімұлына зор сеніп артып отыр»,- деді«Нұр Отан» ХДП хатшысы Владимир Бобров.
Жиын барысында облыс әкімі өңір дамуын көздеген маңызды мақсаттарды атап өтті. Барлық деңгейдегі депутаттардың жұмысын жандандыру, Жаңаөзен қаласын өркендетудің кешенді жоспарын орындау, халықтың аз қамтылған бөлігіне барынша қамқорлық көрсету мәселесіне баса мән берілді. Әсіресе, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда жемқорлықтың жолын кесу, жастармен белсенді жұмыс жасау тапсырылды.