17:43, 12 Қаңтар 2009 | GMT +5
«Нұр Отан» ХДП мен Мемлекеттік тілді дамытудың Президенттік қоры арасында Тіл саясатындағы бірлескен қызмет туралы меморандум жасалды
АСТАНА. Қаңтардың 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін «Нұр Отан» ХДП мен Мемлекеттік тілді дамытудың Президенттік қоры арасында Тіл саясатындағы бірлескен қызмет туралы меморандум жасалды. Осыған орай «Нұр Отан» ХДП Хатшысы Ерлан Қарин мен Мемлекеттік тілді дамытудың Президенттік қоры төрағасы Берік Әбдіғалиев тиісті Меморандумға қол қойды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Биыл қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанына 20 жыл толады. Сондықтан да, аталған шараның еліміздегі айқындалған тіл саясатын одан әрі тереңдете түсуде маңызы зор болмақ. Сонымен бірге, «Нұр Отан» партиясының басты бағыттарының бірі еліміздің тіл саясатын тиімді іске асыру болып отыр. Ал партия мен мемлекеттік тілді дамытудың Президенттік қоры арасында бірлескен қызмет туралы меморандум жасау партияның мемлекеттік тіл саясаты саласындағы маңызды қадамдарының бірі болып табылады. Әрі осы меморандум қоғамдағы мемлекеттік тілдің рөлін арттыра түсу, қазақ тілін насихаттап, осы бағыттағы саясатты тиімді іске асыру мақсатын көздейді.
Шара барысында «Нұр Отан» ХДП хатшысы Е. Қарин 2009 жылы мемлекеттік тілді қолдау мен дамыту бойынша кешенді шаралар өткізу жоспарланғанына тоқталып, бұл бағытта Президенттік қормен өзара іс-қимыл мен ынтымақтасудың жоспары әзірленгенін әрі екі жақпен келісілгенін мәлім етті. «Бұл шара партия мен аталған қордың өзара серіктестігі жөніндегі жай ғана меморандум емес, керісінше, партия мен Президенттік қордың алдағы жылда бірлесіп атқарар нақты іс-шаралардың тізбесі болып табылады. Біз осы жыл бойы тіл саясатындағы бірқатар кешенді жоспарды жүзеге асыратын боламыз», деді Е. Қарин.
Меморандум аясында қазақ халқының тарихи мұрасына арналған сирек кездесетін кітаптар шығаруға, тілдік оқытудың ең жақсы әдістемесін анықтау байқауын ұйымдастыруға, әлеуметтік зерттеулер жүргізуге, «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» іске асырылуы туралы қоғамдық тыңдау өткізуге бағытталған шаралар атқарылады.