«Нұр Отан» ХДП-ның кеңейтілген саяси кеңесі Оңтүстік Қазақстанның қасиетті жерінде өтті

«Нұр Отан» ХДП баспасөз қызметінің атап өтуінше, саяси кеңес отырысында партияның алдағы Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихат сайлауы бойынша іс-қимыл жоспары, сайлауалды тұғырнама жобасы талқыланып, XIV съезд делегаттары сайланды.
«Шырайлы шаһар» атанған еліміздің оңтүстік орталығы, ұлы ғұламалар дүниеге келген, талай таланттарды қанаттандырған, қазақ дәстүрінің қаймағын сақтаған еліміздегі ең іргелі де қасиетті жер. Бүл - қазақтардың ұлттық руханиятының аса маңызды орталықтары Арыстан бабтың, Қожа Ахмет Яссауидің кесенелері орналасқан, бүкіл еліміздің мәдени астанасы атанған киелі Түркістан. Сондықтан отырыста сөз алғандар «Нұр Отан» партиясының жауапты науқан алдындағы алғашқы сапарын осы жерден бастағандарын өте зор қадам деп бағалады. Бұл «Нұр Отан» партиясының елдікті, ұлттық мүддені, береке-бірлікті, ынтымақты бәрінен жоғары қоятын, шын мәніндегі халықтық партия екендігінің басты белгісі болса керек. Сондықтан алдағы сайлауда елін, жерін құрметтейтін әрбір азаматтың таңдауы - «Нұр Отан» партиясы болмақ», - делінген баспасөз ақпаратында.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: «біз Елбасымыз, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық міндеттерін орындаудың арқасында бүкіл халық білетін, ел сенімін ақтаған, еліміздегі ең ірі саяси күшке айналдық. Сондықтан біздің бұл жолғы басты мақсатымыз -сайлауда партиямыздың әділ әрі шынайы жеңісін қамтамасыз ету. Себебі біздің сайлауалды тұғырнамамыз ол - бүкіл халықтық тұғырнама, бүкіл халықтық бағдарлама»,- деді.
Қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан облысы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші жоғары, жыл сайын қарқынды дамып келе жатқан еліміздегі ірі орталықтардың бірі. Облыста тұрмысы төмен азаматтар саны 30 пайызға дейін төмендеп, тек биылғы жылдың өзінде 17,6 мың адам жұмысқа орналасып, әлеуметтік жәрдемақы алатындар саны 23 мыңнан асты. Ал, осы жылдың соңына дейін 100-ден астам жаңа білім нысандары мен денсаулық сақтау орындары іске қосылмақ. Облыстың осындай ірі жетістіктерге қол жеткізуіне 88 мың мүшесі, 303 бастауыш ұйымы бар, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының қосып жатқан үлесі өте зор.
«Партиямыздың ұсынып отырған сайлауалды тұғырнамасында барлық салаға қолдау көрсету мәселесі толық қарастырылған. Оның барлығының шешімін табатынына сенемін. Себебі, біз әрқашан Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық міндеттерін жүзеге асыру арқылы жыл сайын өсіп-өркендеп, абыройымыз артып, қарқынды дамып келе жатқан елміз. Сондықтан, алдағы сайлауда облыстық кәсіподақ мүшелерінің тек «Нұр Отан» партиясы атынан түкен үміткерлерді қолдап, партияның мақсатын жүзеге асыру үшін жан аямай еңбек ететініне сенемін»,-дейді жиын барысында сөз алған облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Досыбай Шерімқұлов.
Ал жастар атынан ойын ортаға салған Сарыағаш аудандық жастар одағының директоры Жадыра Жүсіп ел партиясының сайлауалды тұғырнамасын бір адамдай қолдауға шақырды. Өйткені, бұл тұғырнама - білімді де білікті жастарды қолдау, оларға оң бағыт беру, жалындаған жастардың өмірлік қажеттілігін қамтамсыз етуді көздейтін бағдарлама.
Жиын соңында облыс атынан съезге қатысатын делегаттар сайланып, алда атқарылатын жұмыс жоспарлары бекітілді. Маңызды шешімдер қабылданды.
Дәл осы күні республикалық штабтың мүшелері Отырардағы Арыстан баб пен Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенелеріне барып, ата-баба рухына тағзым етті.