19:03, 12 Қаңтар 2009 | GMT +5
«Нұр Отан» ХДП-ның ұйымдастыруымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ең үздік плакат конкурсының екінші кезеңі мәреге жетті
АСТАНА. Қаңтардың 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгін «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында партияның ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ең үздік плакат» ашық конкурсының екінші кезеңі мәреге жетті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен өткізілген ашық байқау қоғам арасында жемқорлықпен күрестің тиімділігін күшейту, сыбайластыққа деген төзімсіздікті жарнамалау және партияның осы бағыттағы жұмысын жан-жақты насихаттау болып табылады. Байқаудың екінші кезеңіне республикамыздың барлық аймақтарынан 51 автордың 81 жұмысы келіп түскен. Кәсіби және әуесқой суретшілердің негізгі тақырыптағы туындыларын сараптауға қазылар алқасы сайланған болатын.
Парламент Сенатының депутаты, «Нұр Отан» ХДП Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық кеңестің жетекшісі Оралбай Әбдікәрімов жетекшілік ететін қазылар алқасымен таңдалынып алған ең үздік плакат партия бюросына ұсынылатын болады.
Қазылар талқысынан кейін 81 плакаттың ішінен үш жұмыс үздік деп танылды. Атап айтқанда, Ю. Новоселовтың «Болашақ», В. Березкиннің «Жемқорлыққа жол жоқ», А. Смағұлованың «Әлемді жемқорлықтан тазартайық» деп аталатын туындылары үздік деп танылды. Бұл плакаттар алдағы уақытқа жоспарланған конкурстың үшінші кезеңіне жолданатын болады, ал жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталады.