" Нұр Отан" ХДП облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңестің отырысы өтті

  ҚЫЗЫЛОРДА. Шілденің 2-сі. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі облыстық комиссия мен "Нұр Отан" ХДП облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңесінің бірлескен отырысы өтті.
None
None

Басқосуды облыс әкімінің бірінші орынбасары, комиссия төрағасы Мадияр Алдоңғаров жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Комиссия төрағасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыруда облыста тұрақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Үстіміздегі жылы 5 айда 88 мемлекеттік қызметкер тарапынан құқық бұзушылықтар орын алған. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 14 пайызға кем. Әйтсе де сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтың 28 пайызға артып отырғаны алаңдатарлық жағдай. Демек, заң бұзушылықтың алдын алу жөніндегі іс-шараларды күшейте түсу қажеттігі туындайды.

Басқосудың күн тәртібіне сай "Нұр Отан" ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өлмесхан Болатбеков "Сыбайлас жемқорлық - партиялық бақылауда" атты баяндама жасады.

Бүгінде партияның қоғамдық қабылдауына түрлі мәселемен шағымданып келушілер аз емес. Әр арыздың астарында адам тағдыры жатыр. Сондықтан арыздарға бей-жай қарауға болмайды. Арыздарға байланысты Ө.Болатбеков мынандай мысал келтірді. "Сырдария теміржол сервис" мемлекеттік кәсіпорны басшылары сегіз ауданның теміржол вокзалы бастықтарына "аға сыпырушы" ретінде штаттық бірлік енгізілетіні жайлы хабарлаған. Зерттеу көрсеткендей, еліміздің бірде-бір өңірінде мұндай өзгеріс жасалмаған болып шықты. "Нұр Отанның" араласуымен бұл мәселе оң шешімін тапты.

Облыс бойынша қаржы бақылау инспекциясы бастығының орынбасары Нұрлан Пішенбаев мемлекеттік сатып алу аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасының сақталуы" жайлы хабарлама жасады.

Оның келтірген мәліметтеріне қарағанда, инспекция үстіміздегі жылдың бес айында 239 бақылау жасап, 2,8 млрд. теңгенің қаржылық жолсыздықтарын анықтаған. Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің 227 рет бұзылу фактілері белгілі болды. Өткен жылы осы кезеңде мемлекеттік сатып алу заңын бұзған 29 лауазымды тұлғаға әкімшілік шара көрілсе, биыл ол көрсеткіш 36-ға жетіп отыр.

 Отырыстың күн тәртібіне сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында атқарылып  жатқан жұмыстар туралы өз кезегінде облыстық қаржы полициясы бастығының орынбасары Жетпіс Қошқаров және ішкі істер департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Серік Тоқтыбаев хабарлама жасады.

Ағымдағы жылдың бес айында қаржы полициясы 26 сыбайлас жемқорлық  және 11 лауазымдық сипатындағы қылмысты анықтаған.

Ішкі істер департаментінде халықпен тығыз жұмыс істейтін жол полициясы, патрульдік қызмет, учаскелік инспекторлар арасында сыбайлас жемқорлықтың жекелеген көріністерінің алдын алуға бағытталған жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. Өзіндік қауіпсіздік басқармасына 114 қызметкерге қатысты арыз-шағым түскен. Оның 22-сі тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Төртеуі ішкі істер органдарынан шығарылған.

Бірлескен отырысқа қатысушылар көтерілген мәселелер бойынша өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Соңғы жаңалықтар