«Нұр Отан» ХДП өз дамуындағы жаңа кезеңге бетбұрысты бастады – Н. Назарбаев

АНА. 11 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Осы аптада «Нұр Отан» партиясының кезекті XIIІ съезі болып өтті. Партиялық форумның күн тәртібіне сәйкес,
None
None

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы, «Нұр Отан» ХДП төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 3 сәуірге тағайындалған ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына кандидат ретінде ұсынылды. Сонымен қатар жиын барысында партияның 2020 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы қабылданып, Саяси кеңестің жаңа құрамы бекітілді. Партияның өкілетті жиынына Қазақстанның барлық аймақтарынан 600-ден астам делегат, ішінде танымал саясаткерлер, қоғамдық және мәдени ұйымдардың, шетелдік саяси және халықаралық ұйымдардың өкілдері, жастар бар 2 мыңға тарта қонақ қатысты. Басқосудың бірінші бөлігінде басты мәселе талқыға түсіп, ол бойынша сөз сөйлеушілер бірауыздан алдағы сайлауға Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың кандидатурасын ұсынды.

Съездің тарихи шешімі қабылданып, ол жарияланбас бұрын Мемлекет басшысы алдағы сайлауалды мәселелерге ой жүгіртіп, партияның келешек онжылдықтағы басты құжатына, ел дамуына қатысты сөз сөйледі. Өз сөзінде Президент ең әуелі «Нұр Отан» партиясының съезі қастерлі меже - ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өтіп отырғанын айтып, 20 жыл бұрынғы елдің жүріп өткен жолына да шолу жасады. «Біз алға биік мақсаттар қойып, оларға қол жеткізе алатынымызды ең әуелі өзімізге және өзгеге дәлелдей білдік. Қазақстанның бұл бірегей жолы қоғамдық келісім мен халқымыздың бірлігі, болашаққа деген берік сенімі нәтижесінде жүзеге асты. Біздің жеңісті де жемісті жолымыздың негізінде қашанда басты құндылығымыз - Тәуелсіздік тұрды. Біз оның жиырмажылдық мерейтойын лайықты қарсы алуға тиіспіз. Сондықтан, «Нұр Отанның» алдында Тәуелсіздік мерейтойын өткізу ісіне белсене қатысу міндеті тұр. Бүгінгі съезд партия тарихындағы айрықша биік белес боларына сенемін. Өйткені, біз тұтас он жылға арналған ұзақмерзімді жаңа партиялық бағдарламаны қабылдағалы отырмыз. Тарихқа көз жүгіртсек, елді жаңғырту ісінде саяси партиялардың жауапкершілігіне жүктелген сәттер аз болмаған. Мысалы, Жапонияның Либералды-демократиялық партиясы аграрлық елді қазіргі заманғы қуатты державаға айналдырды. Германияда Христиандық-демократиялық одақ Христиандық-социалды одақпен бірлесіп, үлгі боларлық әлеуметтік мемлекет құрды. Шарль де Голльдің ұран тастауы арқылы құрылған партия жүргізген модернизацияны ұмытпаймыз. Жаңа дәуірге бастайтын реформаларды табысты жүзеге асыру ісі партиямызға өркенді өзгерістер көшбасшысына айналуға мүмкіндік береді. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы елді жаңғырту ісіне жетекшілік етуге тиіс», - деп бастады сөзін Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Елбасы бұған дейінгі елдегі саяси үдеріске тоқтала келе, халық қаласа өз елі үшін қызмет етуге әзір екендігін тағы бір мәрте қуаттап, сондықтан да алдағы сайлауға түсуге бекінгенін жеткізді. Бұдан бөлек, Президент 2005 жылғы сайлауалды бағдарламада жарияланған міндеттерге тоқтала келе, әлеуметтік-экономикалық сипаттағы көрсеткіштердің, жоспарлы межелердің мерзімінен бұрын орындалғанына назар аударды. Мәселен, қазіргі ЖІӨ-гі 9 мың долларлық көрсеткіш 2012 жылға белгілеген. Орташа жалақының, зейнетақы мен жәрдемақының жоспарлаған өсіміне 2 жыл ерте қол жеткізілді. Өткен жылдары Қазақстан экономикасы жыл сайын орташа алғанда 7-8 пайызға өскен. Қазақстанда 13 зейнетақы қоры жұмыс істесе, оларда 2,3 триллион теңге жинақталған.

«Тәуелсіздігіміздің даму жылдарында біз жаңа мемлекетті, жаңа қоғамды құрдық, жаһандық әлемде өмір сүре алатын және жұмыс істей алатын қазақстандықтардың жаңа ұрпағын тәрбиеледік. Біздің экономика мен әлеуметтік дамудағы, сыртқы саясатымыздағы табыстарымыз - ЕҚЫҰ-ның саммиті, Азияданың өтуі - патриотизмнің деңгейін жоғары көтерді, бәрімізді біріктірді. Осы күндері барша қазақстандықтар біздің біртұтас Отанымызға деген ұлы мақтаныш сезімін бастан кешуде, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қол жеткен жетістікке тоқтап қалмау қажеттігін айтып, алдағы уақытта атқарылатын шараларға да назар аудартты. Бұл ретте атқарылатын шаралар «Қазақстан-2030» Стратегиясында, 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында және ағымдағы жылғы Жолдауда көрініс тапқан. Осыған орай, Мемлекет басшысы Жолдауда ұсынылған жаңа әлеуметтік саясатқа тоқталып, Қазақстан дамуының алдында бірқатар негізгі басымдықтар тұрғанын қадап айтты. Енді соларға қысқаша тоқталсақ. Ең алдымен Елбасы қазақстандықтардың жоғары өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету мәселесін алға тартты. Бұл ағымдағы жылғы Жолдауда жүктелген міндеттің негізгі бағыты болып табылатын - жұмыссыздықты ауыздықтау. «Алдағы онжылдықта Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға дейін төмендейді. 2014 жылға қарай құны 8,1 триллион теңгені құрайтын 294 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Мыңдаған жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылатын болады. Жаңа жұмыспен қамту стратегиясының басты мақсаты - азаматтардың табысын арттыру болуы тиіс. Индустрияландыру картасы мен «Бизнестің жол картасы - 2020» жобалары негізінде индустриалдық секторды кеңейтуге қажетті мамандықтарды анықтау жөніндегі жұмыстар жалғасын табады. Мемлекет тегін оқуды, оқуға бару жолын және оқитындарға стипендия төлеуді қаржыландыратын болады», - деген Елбасы ауылдағы кәсіпкерлікті дамытудың жұмыссыздыққа сеп болатынын да аңғартты. Аталмыш міндетті шешудің негізі жеке шағын бизнесті ұйымдастыруға бағытталған микрокредиттеу болмақ.

Сонымен қатар Елбасы қолжетімді және сапалы білім алу жағдайын қамтамасыз ету, қазақстандықтардың денсаулығын нығайту, қазақстандықтардың тұрғын үй және тұрмыс жағдайын жақсарту мәселелеріне жеке-жек тоқтап, Үкіметке тиісті міндетті жүктеді. Мәселен, Президент тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы Үкімет еңбекпен қамту бағдарламасын ілкі режимде жүзеге асырып, оның арқасында 50 мыңнан кем болмайтын азаматтар жұмыспен қамтылуы қажет. Сонымен қатар атқарушы билікке «Самұрық-Қазына» қорына кіретін ұлттық компаниялар акцияларын халық арасында орналастыру бағдарламасын әзірлеу тапсырылды. Ол бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін қор нарығына «Самұрық-Энерго», «KEGOC», «Қазпошта» АҚ-ларының акциялары шығарылатын болсын. Ал келесі кезекте «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан Темір Жолы», «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ-ларының акцияларын шығару жүктелді.

«Үкіметке тұрғын үй құрылысын қолдау және ипотеканы ынталандыру бойынша кешенді шаралар қабылдауды жүктеймін. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесі шеңберінде жергілікті атқарушы органдар арзан үйлер құрылысын жүргізулері керек. Екінші деңгейле банктерді тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін қорландыру керек», - деді Елбасы.

Президент сөз арасында елдегі саяси жаңғырту мәселелеріне, қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштықты сақтау жәйттарына да тоқталып өтті. «Саяси жүйіне жаңғыртуды жоспарлы түрде жүзеге асыратын боламыз. Бұл - Парламенттің, оған есеп беретін Үкіметтің өкілеттігін одан әрі кеңейту, саяси партиялардың, жергілікті биліктің, сот жүйесінің рөлін арттыру. Қарапайым жұрттың алдында бәлсінушілік, ақсаусақтық пен тәкәппарлық көрсету - біздің жекелеген шенеуніктердің жып-жылмағай үлгісі болып алған тәрізді. Мен бұны тіке айтамын. Ең бастысы - партия осы келеңсіздікпен, оның ішінде өз қатарларындағыны тазарту арқылы күресуі тиіс. Мемлекеттік қызметкер қарапайым жұртшылыққа өзінің басшы екенін танытпай, керісінше жете қызмет етуі тиіс. Бұл тұрғыдан, біз партияның сыбайлас жемқорлықпен күрестегі рөлін арттыратын боламыз», - деді Н. Назарбаев.

Сондай-ақ Елбасы Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуда, халықтық игілікке қол жеткізуде елдегі партиялардың барлығы бірлікте болуы тиістігін айтып, бұның жалпы әлемдік үдеріс екендігін, осындай бәсекелестікке үйренгенде ғана демократиялық үдеріс қалыпты дамитындығын алға тартты. «Мен сайлаудың тек өз президенттігімде ғана емес, біздің еліміз дамуындағы сенімділіктің нағыз тарихи фактісі болып қалуы үшін сайлау өткізу туралы шешім қабылдадым. Біз сайлаудың әділ әрі еркін болуы үшін өзімізден күтілетіннің бәрін жасаймыз. Біз бүкіл әлемге халқымыздың прогресін, гүлденуі мен қуаттылығын танытамыз. Бүкіл әлем қуаты артып отырған ел әлеуетін, жасампаз миссияны, Қазақстан халқының бірлігін көретін болады. 2012 жылға жоспарланған Парламент сайлауы да сондай негізде өтуі тиіс», - деді Президент Н. Назарбаев.

Сөз соңында Мемлекет басшысы жас қазақстандықтарға, олардың ата-аналарына үндеу жасап, патриоттық мәселесіне қозғау салды. «Тәуелсіздік құрдастары 2020 жылы 30 жасқа толады. Сіздер басқа өмірді көрген жоқсыздар, алайда Тәуелсіздік пен бүгінгі әрбір жетістік оңай келмегенін білуге тиіссіздер. Бізге осы жолда, мемлекет құрып, экономиканы көтеруде, халық үшін жақсы ахуал қалыптастыруда адам айтқысыз қиындықтарды еңсеруге тура келді Бүгін жаңа үлкен өмірге қадам басасыздар. Сіздер өз ата-аналарыңыздың алдында және Отан алдында борыштарыңыз бар екендігін зерделеугі тиіссіздер», - дей келе Президент ана мен балаға мемлекеттік қолдаудың жақсы үрдіспен атқарылып жатқанын айтып өтті. Елбасы бұндай игі жұмыстарды болашаққа салынған сапалы инвестиция ретінде атап өтті.

Жастар мәселесіне қатысты Мемлекет басшысы партия алдына да бірқатар міндеттер жүктеді. «Ел жастарын «Жас Ұлан» бірегей жастар қозғалысын құруға жұмылдыруымыз керек. Бұдан бөлек, партияға жаңа балалар ұйымын құру туралы тапсырма жүктеймін. Оны мәселен «Жас қыран» деп атаса да болады. Бұрынғы тәжірибенің барлығы нашар болған жоқ. Комсомолдарды да, пионерлерді де көрдік. Соның барлығынан құтылуға жүгірмей, керегін, қазірге қажеттісін алу керек. Жастар сыртта қалмай, осындай ұйымдарда, қамқорлықта болуы тиіс», - деді Елбасы.

Сөз соңында Президент партияның жаңа бағдарламасына тоқтала келе, бұны партия дамуындағы жаңа кезеңге бетбұрыс бастауы ретінде бағалады. «Біз жаңа бағдарлама қабылдау арқылы ел дамуының алдағы онжылдығында бас партия атқаратын басты міндеттерді айқындаймыз. Бүгін біз қабылдаған жаңа идеологиялық тұғырнама рухын еліміздің барша азаматтары мен партия мүшелері толық сезінуге тиіс. Біздің партияның күш-қуаты - бірлікте. Біз берік бірлігіміздің арқасында ұланғайыр жетістікке қол жеткіздік. Алдағы уақытта ауызбірлігімізді нығайта түссек, бұдан да биік белестерді бағындыра береріміз анық. Экономиканы ауқымды жаңғырту мен қоғамды жаңартуға қатысу - партия үшін үлкен саяси сынақ болғалы тұр. Партияның болашақ тағдыры мен еліміздің кемел келешегі «Нұр Отанның» салиқалы бағытына байланысты болмақ. Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!», - деп аяқтады сөзін Мемлекет басшысы.

Сөйтіп, съез барысында «Нұр Отан» ХДП 2020 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданды, қоғам өміріндегі ең елеулі мәселелерді шешу жөніндегі жұмыстарға бағытталған басымдықтары айқындалды, ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Тоқтала кететін тағы бір жайт, мәртебелі меймандар арасында сөз сөйлеген Азиялық саяси партиялардың халықаралық конфедерациясының төрағасы Хосе де Венесиа Н. Назарбаевты «Орасан жетістіктері және адамзатқа сіңірген зор қызметі үшін» Жоғарғы Орденімен марапаттады. «Сіз Азиялық аймақтың 300-ден астам басқарушы және оппозициялық партияларының атынан орасан зор саяси еңбегіңіз және адамзатқа сіңірген зор қызметіңіз үшін осы орденмен марапатталасыз. Бұл Сіздің беделіңіздің, Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан бағындырған экономикалық және саяси реформалар саласындағы орасан зор табыстардың тағы да бір мойындалуы. Қазақстан өңірдегі аса зор жетістіктерге жетіп отыр. Бұл - демократияның, ұлы адами және моральдық құндылықтардың, бейбітшілік пен келісімнің дамуына ықпал еткен Мемлекеттің лидерінің халыққа сіңірген еңбегінің және атқарған қызметінің жетістігі», - деді Хосе де Венесиа.

Соңғы жаңалықтар