10:02, 11 Ақпан 2009 | GMT +5
Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Д. Қалетаев Австрияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі У. Фарингер ханыммен кездесті
АСТАНА. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат - Кеше «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында партия Төрағасының бірінші орынбасары Дархан Қалетаев Австрияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Урсула Фарингер ханыммен кездесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесу барысында Д. Қалетаев қонақты «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Төрағасы, Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың партияның алдына қойған мақсат-міндеттерімен таныстырды. Елшіні партияның сыртқы байланыстары қызықтырды. Өз кезегінде Д. Қалетаев партиялық байланыстардың тым ауқымды екенін, 25 мемлекетте алдыңғы қатарлы саяси партиялармен, Еуропа мен Азиядағы белсенді саяси ұйымдармен әріптестік қарым-қатынас орнатылғанын атап өтті. Олардың қатарында Орталықшыл демократиялық партиялардың интернационалы, Азияның Саяси партиялар бас ассамблеясы, басқа да халықаралық ұйымдар бар. Өз кезегінде У. Фарингер ханым саяси тұрақтылықтың, Орталық Азиядағы ұлтаралық келісімнің маңыздылығын айта келіп, осы өзекті мәселеде Қазақстанның рөліне
ерекше назар аударды. Сондай-ақ елші Австрия мемлекетінің Қазақстанмен саяси және экономикалық салада әріптестікті нығайтуға мүдделілік танытып отырғанын тілге тиек етті. 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететіндігі де аса маңызды мәселелердің бірі.
Пікір алмасу барысында екі жақ «Нұр Отан» ХДП-ның Австрияның жетекші партияларымен тығыз ынтымақтастық орнатуына қызығушылық білдірді. Бұл жұмысқа зерттеу және сараптау құрылымдары мамандарын жұмылдыру туралы келісімге қол жеткізілді.