«Нұр Отан» ХДП Зерендіде саяси жастар лагерін ұйымдастырады

Бұл туралы бүгін дәстүрлі апталық брифингте партияның ресми өкілі Оксана Петерс мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жазғы мектепке «Жас Отан» Жастар қанатының аймақтық жетекшілері мен белсенділері, жас саяси-мамандар, әлеуметтанушылар, журналистер, мемлекеттік емес ұйым өкілдері және зиялы қауым шақырылып отыр.
Жазғы мектеп бағдарламасында - лекциялар, семинарлар, пікірталастар мен интерактивті ойындар қамтылған.
«Шараға қатысушылар талқылайтын тақырыптар арасында «Тәуелсіз Қазақстан: азаматтық қоғам қалыптастыру жолында», «Сыртқы саясат басымдықтары мен ұлттық мүдде», «Қазақстан Республикасындағы жастар саясаты», «Жастар саясаты және Қазақстандағы саяси партиялар», «Азаматтық қоғам институттарының қызметі» сынды басқа да тақырыптар бар», деп атап көрсетті ресми өкіл.
Лекторлар және модераторлар ретінде елімізге танымал сарапшылар, ғалымдар, көрнекті саяси қайраткерлер қатыспақ.
Лагерь жұмысы тамыз айының 5-і мен 10-ы аралығында өтпек.