18:08, 13 Мамыр 2009 | GMT +5
«Нұр Отан» ХІІ съезі партияның жаңа кезеңдегі жолдарын айқындайтын болады
ОРАЛ. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - «Нұр Отан» ХДП ХІІ съезі партияның жаңа кезеңдегі жолдарын айқындайтын болады. Бұл туралы «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы төрағасының орынбасары Абат Шыныбеков мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, қазіргі кезде партия елдегі ең ірі, ықпалды саяси күшке айналды. Астана қаласында өтетін партия съезіне Батыс Қазақстаннан облыс әкімі, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов, төрағаның бірінші орынбасары Кенжебай Нығмет, облыс әкімінің орынбасары, партиялық бақылау комитеті облыстық комиссиясының төрағасы Нұрлан Ноғаев, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттардың депутаттары, әкімдер, білім, денсаулық сақтау, бизнес саласының өкілдері, барлығы 59 адам аттанып кетті.
Партияның құрылғанына 10 жыл толуына орайлас өтетін съезд тек мәжіліс құрумен шектелмейді. Съезд аясында Астанада түрлі қадау-қадау шаралар қолға алынады. Он жыл аз уақыт емес. Осы мерзім ішінде шын мәнінде қалың бұқараның қолдауына ие болып, елдегі бірден-бір ықпалды күшке айналған партияның атқарған ісіне баға беріледі, келешегіне кемел жоспар жасалады. Бүгінгідей қаржы дағдарысы тұсындағы қолға алынатын Елбасы Жолдауындағы басты-басты шаруалар пысықталып, партияның 2009-2012 жылдар аралығындағы стратегиялық жоспары бекітіледі деп күтілуде. Сондай-ақ «Нұр Отан» ХДП депутаттарының форумы, «Отандық өнім» жәрмеңке-көрмесі және тағы да басқа шаралар аталған саяси жиынның маңызын күшейтіп, мәртебесін арттыра түспек. Партияның заман талабына сай келетін жаңа бет-бейнесін жасау да осы съездің еншісінде.
Партия съезі «Нұр Отанның» өңірлердегі филиалдарына да тың серпін берері сөзсіз.