«Нұр Отан» инвестициялық белсенділікті ынталандыру және экспорттық потенциалды дамыту мәселелері жөніндегі дөңгелек үстел өткізді
деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі. Кездесуге Премьер-Министрдің орынбасары - ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың және жергілікті атқарушы органдар, даму институттарының, бизнес-құрылымдары мен қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты.
Бүгінгі күні инвестициялардың көлемі бойынша Қазақстан ТМД кеңістігінде көшбасшы болып табылады. Тәуелсіздіктің 20 жылдық тарихында 122 миллиард доллардан астам қаржы тартылған. Оның үлкен бөлігі шикізат саласына тиесілі. Алайда соңғы уақытта жағдай өзгеріп барады. Тек өткен жылдың ішінде өңдеуші өнеркәсіпке құйылатын қаржы көлемі 36 пайызға өсті. Алайда бұл көрсеткіш жалпы инвестиция көлемінің 9 пайызын ғана құрайды. «Нұр Отандағылардың» ойынша, түбегейлі өзгерістер кезеңі басталды. Себебі, инвестициялық климаттың жақсаруы - партия бағдарламасының басым бағыттарының бірі болып табылады.
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулиннің айтуынша: «Бүгінгі күні Қазақстанның инвестициялық тартымды мемлекетке айналғаны - бұл, ең алдымен Елбасымыз, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың зор еңбегінің нәтижесі. Сондықтан, елімізге инвестицияларды тарту жұмысын одан әрі жалғастыруымыз қажет. Себебі, бүгінгі инвестициялар инновациялық технологиялармен тікелей байланысты. Сонымен бірге, инвестициялар - бұл, әрине, жаңа өндірістер және жаңа жұмыс орындары».
«Нұр Отан» инвесторларға лайықты жағдай жасау үшін әрбір инвестициялық жобаның іске асырылуын өз бақылауына алуға ниетті. Партиялықтар ықтимал инвесторды тарту кезеңінен бастап, жобаның іс жүзінде іске асырылу сатысына дейінгі жұмысқа мониторинг жүргізуді жоспарлап отыр. Сонымен бірге, партиялықтар тартылған инвестициялар үлесі аймақ әкімдері қызметінің басты көрсеткіштерінің бірі болуы тиіс деген ойда.
Президенттік индустрияландыру бағдарламасы да ішкі және сыртқы инвестициялардың өсіміне қолайлы жағдайлар туғызады. Осы бағдарлама бойынша жалпы құны 9 трлн.теңгені құрайтын 600 жобаны іске асыру жоспарланған. Объектілердің үштен бір бөлігі бүгіннің өзінде іске қосылған. Сәтті инвестициялық жобалар - Мойнақ ГЭС-і, Жетіген-Қорғас темір жол желісі. Алайда, басымдық тек ірі жобаларға ғана берілмеуі тиіс. «Атамекен Одағы» ҰЭП басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметовтың айтуынша, «Нұр Отан» партиясы өткізіп жатқан дөңгелек үстелдің тақырыбы аса маңызды, себебі инвестицияларды жергілікті өндіріске тарту бүкіл Қазақстанның экономикасына оң ықпал жасайды: «Қазір жаңа өндірістер ашу керек. Елбасы көп айтып жатыр. Осы салада «Экспорт - 2020», немесе Жол картасы, сол сияқты көптеген бағдарламалар бар. Жергілікті барлық региондарда АЭА дейміз, ашық экономикалық зона ұйымдастырылып, индустриялық парк құрылады. Бұның бәрі меніңше кәсіпкерлерге осы салада жақсы ықпал жасап жатыр. Кедендік одақ құрылып жатыр, бәсеке күшейіп жатыр, инвестицияны көбірек тартып, өзімізге өндіріс көзін ашу керек», деді ол.
Кездесудің басты қорытындыларының бірі - партия мен Экспорт және инвестиция жөніндегі «Kaznex Invest» ұлттық агенттігі арасындағы Әріптестік жөніндегі меморандумға қол қою рәсімі. Бұл құжат барлық нарық қатысушыларының арасындағы байланыстарды қалыптастыруға және әріптестіктің тиімділігін арттыруға мүмкіндік жасайды.
«Kaznex Invest» Экспорт және инвестиция жөніндегі ұлттық агенттік» сарапшысы Толыбай Бекжанның айтуынша, аймақтарда инвесторларды қызықтыратын объектілер аз емес. Сол жерлерге инвесторларды тарту үшін агенттік қарқынды жұмыс атқарып жатыр. Бүгін қол қойылған меморандум инвестиция тарту жұмысына зор үлес қосады. «Нұр Отан» көп жылдан бері шағын және орта бизнестің кәсіпкерлерімен, сол сияқты жергілікті органдармен өте жақсы жұмыс істеп келеді Сондықтан «Kaznex Invest» агенттігінің мақсаты партияның осы ресурстарын қолдану. Агенттік сарапшысы инвестицияларды тарту бойынша агенттіктің жақсы мүмкіндіктерін «Нұр Отанның» жергілікті жерлердегі ресурстарымен қоса отырып, жақсы бір синергия жасауға болатынын айтып өтті.
Партиялықтар бірлескен іс-қимылдар 2020 жылға қарай отандық және шетелдік инвестициялардың шикізат емес сектордағы үлесін жалпы көлемнің 30 пайызына дейін жеткізу қажеттілігі туралы Елбасының тапсырмасын сапалы түрде орындауға мүмкіндік беретініне сенімді. Сондай-ақ меморандум Инвестицияларды тарту жөніндегі ұлттық жоспарға жасалған өзіндік үлес деп те айтуға болады.
Бүгінгі кездесу барысында Нұрлан Нығматулин сондай-ақ партиялық билеттер табыс етті. Партия мүшелері қатары бизнес өкілдерімен толықты. Олардың ішінде «Атамекен Одағы» Ұлттық Экономикалық палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов, Локомотив құрастыру зауытының вице-президенті Андрей Ершов пен Альянс банктың Астана қалалық филиалының директоры Санат Абенов және тағы басқалары бар.