17:12, 15 Мамыр 2009 | GMT +5
«Нұр Отан» қоғамдағы құндылық жүйесін дұрыс бағалау жұмысына басшылық жасауы керек - Партия Төрағасы
АСТАНА. Мамырдың 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Нұр Отан» партиясы қоғамдағы құндылық жүйесін дұрыс бағалау жұмысына басшылық жасауы керек.

Бүгін «Нұр Отан» ХДП кезектен тыс ХІІ съезінің барысында сөз сөйлеген партия Төрағасы, Мемлекет басшысы Н. Назарбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Дағдарыс кезеңінде байқалған ішкі проблемалардың айтарлықтай бөлігі ең алдымен қоғамның рухани жағдайына байланысты туындағаны белгілі болды. Арзан несие ретінде көрінген жеңіл ақшалар ысырапсыздыққа, бейберекеттіктің өсуіне әкеп соқты. Біздің байып алған азаматтарымыз уыс-уыс ақшаларды даңғазалыққа шашады, сәулетті, үлкен үй соғу жарысына түседі. Қымбатқа түсетін мерейтойлар, ысырапсыз ақша шығындалатын үйлену тойларын жасайды. Ал бүгінгі күні соншалықты байығандар жұртшылықпен бірге екендігін көрсетулері тиіс еді. Жұмыс орындарын ашу үшін қорлар құрып, көмекке зәру жандарға қол ұшын созулары қажет еді», - деді Н. Назарбаев.
Сонымен бірге, қоғам арасында еңбекқорлық, кәсіби өсуге ұмтылу секілді құндылықтың әлсіреп бара жатқанын айтқан Елбасы, рақымшылық дәстүрлері, асар жасау шаралары ұмытылып бара жатқанына да тоқталып өтті. Сондықтан да «Нұр Отан» партиясының идеологиялық жұмысы қоғамдағы рухани адамгершілік құндылығы жүйесіне бағытталуы тиіс. «Жастар ортасында этникааралық келісім құндылығы мен патриоттық сезім жанданып, ұлтшылдық пен экстремизмге, заңбұзушылық пен қылмысқа қарсы иммунитеті күшті болуы шарт. Бұның барлығы партия «Жастар қанатының» алдыңғы кезектегі міндеттері», - деді Мемлекет басшысы.