«Нұр Отан» мен «Атамекен» ынтымақтастық жөніндегі келісімге келді (ФОТО)
Осылайша «Нұр Отан» партиясы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті дамыту және бизнес мүддесін қорғаудың жүйелі қарым-қатынасын орнату туралы келісімге келді.
Шара барысында М.Құл-Мұхаммед Елбасы Н.Назарбаевтың 2050 жылға дейінгі Қазақстанның даму стратегиясында айқындап берген басты тапсырмаларының бірі еліміздің ЖІӨ-сіндегі шағын және орта бизнес үлесін 50 пайызға жеткізу болғандығын баса айтты.
«Партиямыздың Көшбасшысы айқындап берген Қазақстанды әлемнің дамыған ең үздік 30 мемлекетінің қатарына қосу жөніндегі биік мақсаттарға қол жеткізу үшін кәсіпкерлердің жұмыс істеуіне мейлінше қолайлы жағдай жасауымыз керек. Бұл күрделі істе «Нұр Отан» партиясы маңызды рөл атқаруы тиіс. Біз отандық кәсіпкерлерге жедел және тиімді көмек көрсету үшін орталықтағы, сонымен бірге өңірлердегі барлық ресурстарды іске қосамыз», - деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.
Өз кезегінде А.Мырзахметов еліміздің басты саяси күшімен арада меморандумға қол қою палата үшін ерекше жетістік болуымен қатар зор жауапкершілік саналатындығын да баса атап өтті.
Айта кетерлігі, құжаттың басты мақсаты - отандық кәсіпкерліктегі бәсекелестікті арттыру бойынша бірлескен және келісілген әрекеттерді жүзеге асыру барысында өзара қолдау және белсенді ықтымақтастықты қамтамасыз ету.