19:59, 11 Ақпан 2009 | GMT +5
«Нұр Отан» партиясы дағдарыс жағдайында жүзеге асырылатын мәселелерді жіті қадағалауы тиіс - Ә.Исекешов
АСТАНА. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының «Өрлеу» экономикалық клубы жұмыссыздықпен күрес, отандық кәсіпорындар арасында мемлекеттік сатып алуларға қатысты саясатты белсенді жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қолдау сияқты шаралардың орындалу барысын жіті қадағалап отыруы тиіс.

Клуб өкілдері аймақта қалыптасқан проблемаларды орталықтың алдына шығарып, оған қатысты тиісті шаралардың қолданылуына ықпал етуі қажет. Партияның қолында оған қажетті мүмкіндіктің барлығы бар. Бүгін аталмыш экономикалық клубтың отырысында Президенттің көмекшісі Әсет Исекешов осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгінде елімізде дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Біз оның алғашқы нәтижелерін көріп те отырмыз. Осы уақытта экономикада қалыптасқан мәселелерге қатысты шешімдердің барлығы қабылданды. Енді бізге дағдарысқа қарсы бағдарламадан басқа, ұзақмерзімді стратегия құру керек. Осы кезде Елбасының тапсырмасы бойынша «Қазақстан-2030» бағдарламасы құрылған болса, енді бізге 2020-шы жылдарға дейінгі аралықты қамтитын құжат қажет. Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына осындай міндет қойып, Үкімет қазір онымен айналысуда», деді Елбасының көмекшісі. Оның сөзіне қарағанда, елімізде Мемлекет басшысы қойған міндеттердің барлығы да жүзеге асырылуда. Дегенмен оның барысында туындап отырған жайттар жетерлік. «Олардың барлығын да экономика саласының мамандарымен бірлесе отырып талқылап, жедел шешім қабылдап отыру қажет. Осы тұрғыда «Нұр Отан» партиясы құрып отырған экономикалық клубтың мәні зор», деді Ә.Исекешов.