16:04, 15 Мамыр 2009 | GMT +5
"Нұр-Отан" партиясы ел-жұрттың артқан сенімін, үмітін де ақтауға міндетті - Елбасы
АСТАНА. Мамырдың 15-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - «Нұр-Отан» партиясы ел-жұрттың артқан сенімін, үмітін де ақтауға міндетті. Бүгін Астанада өткен «Нұр Отан» ХДП кезектен тыс ХІІ съезінің барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай атап өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Халқымыз бізден қоғамды жаңартып, рухани серпіліс беретін батыл шешімдер күтіп отыр. Партия ел-жұрттың артқан сенімін, үмітін де атауға міндетті», - деді Елбасы сөзінде.Қарапайым халық өзінің мұң-мұқтажына құлақ түретін, іспен жауап беретін партияға, яғни «Нұр-Отанға» ғана сеніп отырғанына тоқталған Н. Назарбаев: « Ұлт мұраты, ұрпақ болашағы жолындағы жасампаз істердің барлығының алдында «Нұр-Отан» партиясы жүруі керек. «Нұр-Отан» өзінің алдына қойған бұл мақсатына жетеріне толық сенеміз. Ол үшін партия заман талабына сай жаңашыл болуы тиіс. Саяси бәсекеде өмірді жақсартуға барынша қабілетті болуы керек. Көпшілік қолдайтындай ел сеніміне лайықты бола білуге міндетті. «Нұр-Отанды» мен дәл осындай партия деп білемін», - деді. «Біз алдағы уақытта да ойға алған барлық шаруаны бірлесіп жүзеге асыратын боламыз. Сөйтіп Қазақстанды қуатты мемлекетке айналдырамыз. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар. Ендеше, асқақ мақсат жолында бәріміз бір кісідей жұмылып, нақты іске кірісейік, ағайын», - деді Мемлекет басшысы. «Келбеті - кемел, халқы - дәулетті, экономикасы - өскелең, ел-жұрты - тату-тәтті, қоғамы - орнықты мемлекет: міне еліміздің дағдарыстан кейінгі дамуының негізгі көрсеткіші осы болмақ», - деп атап көрсетті Елбасы.