«Нұр Отан» партиясы елді жаңғырту ісіне жетекшілік етуі тиіс-Н. Назарбаев
Құрметті съезге қатысушылар мен қонақтар!
Менің партиялас серіктерім!
Қадірлі достар!
«Нұр Отан» партиясының съезі біз үшін қастерлі меже - ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өтуде.
Осыдан жиырма жыл бұрын біз дербес дамудың жолына түстік. Бұл жол, шын мәнінде, ел тарихындағы жаңа дәуірдің бастауына - жасампаздық пен қарышты дамудың даңғылына айналды.
Біз алға биік мақсаттар қойып, оларға қол жеткізе алатынымызды ең әуелі өзімізге және өзгеге дәлелдей білдік.
Қазақстанның бұл бірегей жолы қоғамдық келісім мен халқымыздың бірлігі, болашаққа деген берік сенімі нәтижесінде жүзеге асты.
Біздің жеңісті де жемісті жолымыздың негізінде қашанда басты құндылығымыз - Тәуелсіздік тұрды. Біз оның жиырмажылдық мерейтойын лайықты қарсы алуға тиіспіз. Сондықтан «Нұр Отанның» алдында Тәуелсіздік мерейтойын өткізу ісіне белсене қатысу міндеті тұр.
Бүгінгі съезд партия тарихындағы айрықша биік белес боларына сенемін. Өйткені біз тұтас он жылға арналған ұзақмерзімді жаңа партиялық бағдарламаны қабылдағалы отырмыз.
«Отандастар» республикалық акциясы барысында екі миллионнан астам ел азаматы өз пікірлерін жолдады. Олар шын мәнінде, жаңа бағдарламаның өмірге келуіне үлкен үлес қосты.
Тарихқа көз жүгіртсек, елді жаңғырту ісі саяси партиялардың жауапкершілігіне жүктелген сәттер аз болмаған. Мысалы, Жапонияның либералды-демократиялық партиясы аграрлық елді қазіргі заманғы қуатты державаға айналдырды.
Германияда христиандық-демократиялық одақ христиандық-социалды одақпен бірлесіп, үлгі боларлық әлеуметтік мемлекет құрды. Біз Шарль де Голльдің ұран тастауы арқылы құрылған партия жүргізген модернизацияны ұмытпаймыз.
Жаңа дәуірге бастайтын реформаларды табысты жүзеге асыру ісі біздің партиямызға өркенді өзгерістер көшбасшысына айналуға мүмкіндік береді. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы елді жаңғырту ісіне жетекшілік етуге тиіс.
Құрметті қанаттастарым!
Президент өкілеттігін ұзарту бойынша референдум өткізу бастамасымен байланысты оқиғалардың өрбу барысы Сіздерге белгілі. Осы идеяның айналасында бес миллионнан астам қазақстандықты біріктірген «Қазақстан-2020» демократиялық күштердің қоғамдық коалициясы қалыптасты.
Аталған бастаманы қолдаған барша қазақстандықтарға шын жүректен алғысымды білдіремін. Ел Президенті ретінде мен үшін халық сенімі - бәрінен жоғары. Тек елдің биік мүддесін басшылыққа ала отырып, мен референдум орнына Президенттің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешім қабылдадым.
Мен бұған өз өкілеттігімнің мерзімі екі жылға дерлік қысқаратындығына қарамастан барып отырмын. Қоғамда бұл шешім дұрыс және оң қабылданды.
Бүгін «Нұр Отан» партиясының жоғарғы органы менің кандидатурамды ел Президенті лауазымына ұсынды. Бұл шешімді мен жүргізіліп отырған бағдарға қолдау көрсету ретінде қарастырамын. Өзімнің серіктестеріме осы үшін айрықша алғыс білдіргім келеді.
Ұдайы айтып келемін, тағы да мәлімдеймін: егер халықтың ерік-жігері солай болса, мен елім үшін жұмыс істеуге дайынмын.
Сондықтан мен алдағы сайлауда президенттікке түсуге келісім беремін.
Қазақстан халқы жүргізіліп отырған бағдарымызды қолдайтындығына сенімдімін.
Бұл ел игілігі үшін жұмыс істеуге, қазақстандықтарды бұдан да ауқаттырақ ету үшін басталған істі жалғастыруға мүмкіндік береді. Ал «Нұр Отан» партиясы мен оның айналасында топтасқан демократиялық күштер коалициясы жүргізіліп отырған саясатты кең ауқымды қолдаумен қамтамасыз етеді.
Біздің бірге жеңетіндігімізге сенімдімін!
Құрметті қазақстандықтар!
Бүгін біз 2005 жылғы сайлауалды бағдарламамда алға қойған барлық міндеттер орындалды деп сенімді түрде жариялай аламыз.
Біз жеті жылға жоспарлағанымызды мерзімінен бұрын, бес жылда-ақ орындадық!
Біріншіден, қазақстандықтардың әл-ауқатының сапалы артуына қол жеткіздік.
Әр қазақстандыққа шаққандағы ІЖӨ көлемінің қазіргі 9 мың долларлық көрсеткішіне біз тек 2012 жылға қарай ғана жетеміз деп есептегенбіз.
Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлем елдерінің алғашқы отыздығында!
Орташа айлық еңбекақы, зейнетақы және жәрдемақыны өсіру көрсеткіштеріне жоспарланғаннан екі жыл бұрын қол жеткізілді. Және де осының бәрі - жаһандық дағдарыспен байланысты қиыншылықтарға қарамастан жүзеге асты.
Екіншіден, мен бес жыл бұрын уәде еткенімдей, біздің экономика жыл сайын, орташа алғанда, 7-8 пайызға өсіп отырды.
Үшіншіден, ауылды көтерудің кең ауқымды бағдарламасы іске асты. Қазақстан ұн экспорты бойынша дүниежүзінде бірінші орынға шықты және бидай экспорты бойынша жаһанда жетінші орында тұр.
Төртіншіден, инфрақұрылым қарқынды дамыды.
Жаңа энергия беруші желілер мен энергетика нысандары тұрғызылды.
Еліміздің энергия тапшы Оңтүстік өңірлеріне электр жеткізу арттырылды.
Біз континенталды және трансконтиненталды магистралдар салудамыз.
Бұлар - «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автокөлік трассасы, «Қорғас - Жетіген» және Парсы шығанағына шығаратын «Қазақстан - Түрікменстан - Иран» темір жолдары.
Бесіншіден, шағын және орта бизнестің ІЖӨ-дегі үлесі ендігі кем дегенде 30 пайызды құрайды.
Біз кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған іс-шаралар кешенін қабылдадық.
Меншікті қорғаудың құқықтық тетіктері күшейтілді.
Шаруашылық субъектілерін тексерудің барлық мемлекеттік органдарға ортақ қағидаттарын белгілеген заң қабылданды.
Жеке бизнестің қызметіне негізсіз араласушылық үшін жауапкершілік күшейтілді.
Мемлекеттік лицензиялаудың бүкіл жүйесін оңтайландыру бойынша жұмыс табысты жүруде.
Бизнесмендерге көрсетілетін мемлекеттік қызметтер электронды форматқа көшірілуде. Осының барлығы бизнеске әкімшіліктік қысымды одан да көп төмендету мақсатында жасалуда.
Экономиканың барлық салаларында қазақстандық үлесті арттыру мәселелері - менің жеке бақылауымда тұр. Қазірдің өзінде Қазақстан мейілінше қолайлы бизнес-климат көрсеткіші бойынша әлемде 59-шы орынға ие.
Алтыншыдан, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы табысты аяқталып келеді.
Қазақстан білім беруді реформалау бойынша әлемдік рейтингте көш бастап келеді. Халықтың денсаулығы бойынша шешуші көрсеткіштер түбегейлі жақсартылды.
Жетіншіден, демократиялық реформалар бағдарламасы жүзеге асырылды.
Дауыс беру және сайлану, партия құру құқықтары, наным-сенім еркіндігі құқығы, сөз бостандығы құқығы және басқа да жалпы, адамзаттық құндылықтар табысты іске асырылуда.
Парламенттің өкілеттігі кеңейтілді, Үкіметтің депутаттар алдындағы есептілігі күшейтілді, құқық қорғау органдарындағы реформа табысты жүргізілді.
Жергілікті өзін-өзі басқару туралы жаңа заң қабылданды, сайлау, партиялар, БАҚ туралы заңнама жаңартылды. Осылайша, 2005 жылдың қыркүйегінде біздің партиямыздың сайлауалды форумында айтқанымның барлығы мерзімінен бұрын орындалды!
Тәуелсіздік жылдарында біз ел алдына қойған барлық мақсат-мұраттарға тегіс қол жеткіздік. Мұны нақты сандар сенімді куәландырады.
1994 жылдан бері айлық атаулы жалақының мөлшері 45 есе өсті. Он жылда табысы күнкөріс шегінен төмен тұрғындардың үлесі 4 есеге қысқарды. Зейнетақының орташа мөлшері 6 есе өсті.
Қазақстандағыдай зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесі ТМД-ның ешбір елінде жоқ. Бізде 13 зейнетақы қоры жұмыс істейді. Оларда 2,3 триллион теңге жинақталған.
Менің тапсырмам бойынша, 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап, зейнетақының мөлшері 30 пайызға ұлғайтылды. 1 шілдеден бастап, сондай-ақ бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға өседі.
1991 жылдан бері шамамен сегіз жүз мыңдай жеке автокөлік иелері болды, ал 2010 жылы олардың саны - ендігі екі жарым миллиондай.
Өткен онжылдықта шамамен 750 жаңа мектеп салынды.
Балаларды мектепке дейінгі біліммен толық қамтамасыз етуге бағытталған «Балапан» бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Тек өткен жылы ғана 90 мыңнан астам бала жаңа балабақшаларға барды.
Ең қиын жылдары біз «Болашақ» бағдарламасын жүзеге асыруды бастадық. Оның аясында ендігі 3,3 мыңнан астам мамандар білім алды және де қазір әлемнің ең озық жоғары оқу орындарында 2,7 мыңнан астам жас қазақстандықтар оқуда.
Бүгінде ондаған мың қазақстандық отбасы балаларын өз беттерінше шетелге оқуға аттандырады. Бұл - әл-ауқаттың артқандығының маңызды көрсеткіші.
Өткен онжылдықта денсаулық сақтау саласының шығыстары 10 есеге арттырылды. Соның нәтижесіндей, Қазақстанда демографиялық жағдай жақсарды. Халықтың табиғи өсімі 3 есе дерлік артты.
Біздің шамамен сегіз жүз мыңдай отандасымыз Отанына оралды және «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында орнығуда көмек алды.
Қазақстан сомасы Ұлттық қордағымен бірге санағанда, 63 миллиард долларды құрайтын халықаралық резервтерінің деңгейі жөнінен мемлекеттердің 50-лігіне енді.
Шағын және орта бизнес жеті жүз мыңдай шаруашылық субъектілерімен ұсынылған, оларда 2,5 миллионнан астам адам жұмыс істеуде.
Экономикаға 122 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартылды.
Ұлттық әл-ауқаттың деңгейі бойынша жаһандық рейтингте Қазақстан өткен жылы 50-ші орынға ие болды.
Ел үшін аса маңызды Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Тек 2010 жылы ғана жалпы құны 800 миллиард теңгеден асатын 152 жаңа объекті іске қосылды.
1995 жылы экспорт көлемі 5,3 миллиард долларды құрады, ал 2010 жылы 60 миллиард долларға жетті. Бұл жерде өсім - 11 еседен де артық.
Ресей, Қазақстан және Беларусь қатысқан Кеден одағы халқы шамамен 170 миллион адамды құрайтын және жиынтықтық ІЖӨ 1,4 триллион доллар көлеміндегі нарықты бізге ашты.
Біз жаңа елордамыз - Астананы тұрғыздық.
Бұл - біздің тәуелсіздігіміздің ең жарқын беті әрі өшпес символы.
Бүгінгі Қазақстан - бүкіл Орталық Азияның тартылушы орталығы.
Біз ТМД және Балтық елдері ішінде бірінші болып, ЕҚЫҰ-дағы төрағалық миссиясын лайықты атқарып шықтық.
11 жылдық үзілістен кейін біз осы ұйымның қатысушы мемлекеттерінің басшыларының саммитін табысты өткіздік.
ЕҚЫҰ-ның Астана декларациясы тұңғыш рет «Еуразиялық қауіпсіздік» және «Астана рухы» ұғымдарын айқындап берді.
Осылайша, тәуелсіз даму жылдарында біз жаңа мемлекет, жаңа қоғам құрдық, қазақстандықтардың жаһанданушы әлемде өмір сүре және жұмыс жасай алатын жаңа ұрпағын тәрбиеледік.
Экономикадағы және әлеуметтік дамудағы, сыртқы саясаттағы біздің табыстарымыз - ЕҚЫҰ саммиті, Азиаданы өткізу - патриотизм деңгейін биікке көтерді, біздің бәрімізді топтастырды.
Бұл күндері барша қазақстандықтардың кеудесін біздің ортақ Отанымызға деген ұлы мақтаныш сезімі кернеді.
Құрметті қазақстандықтар!
Біз қол жеткізілгенге тоқтап қалудан аулақпыз. Ары қарайғы жолды менің қалай көретіндігім «Қазақстан-2030» стратегиясында, біздің еліміздің 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарында және менің жаңа Жолдауымда ашып айтылған.
Болашаққа арналған іс-қимыл бағдарламасы да - осы.
Жолдауда мен жаңа әлеуметтік саясатты іске асыруды ұсындым.
Жоғары табыстар, мықты денсаулық, жайлы баспана, белсенді еңбек бағдарланушылығы - міне, бәсекеге қабілетті адамның жетістіктері.
Мен әрбір қазақстандықтарды осындай бейнеде көргім келеді. Біздің алдымызда бірқатар шешуші басымдықтар тұр.
Біріншіден. Қазақстандықтардың өмірінің биік деңгейін қамтамасыз ету.
Алдағы онжылдықта біз жұмыссыздық деңгейін 5 пайызға дейін төмендетеміз.
2014 жылға қарай жалпы сомасы 8,1 триллион теңге болатын 294 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Жүздеген мың жаңа тұрақты жұмыс орындары құрылатын болады. Жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясының басты мақсаты азаматтардың табыстарын арттыру болуға тиіс. Жаңа бағдарлама қатысушылары-қазақстандықтар оқуға және жаңа кәсіптерді игеруге дайын болуға тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды жұмысқа тұрғызудың мәні де осында.
Индустрияландыру картасы және «Бизнестің жол картасы - 2020» жобалары негізінде кеңейіп жатқан индустриялық секторға қажет мамандықтарды анықтау бағытындағы жұмысты жалғастыру керек.
Оқыту бағдарламасы осындай мамандықтар тізіміне байланыстырылған болуға тиіс.
Мемлекет тегін оқуды, оқу орнына дейін жол ақысын және оқытылушылардың шәкіртақысын төлеуді қаржыландыратын болады.
Жұмыс істеп, жақсы өмір сүру үшін тағы не қажет?
Мұндай бағдарлама әлемнің ешбір жерінде жоқ!
Біз сондай-ақ ауылдағы кәсіпкерлікті дамытатын боламыз.
Бұл міндетті шешудің тұғырына микронесиелендіру айналады, ол төл шағын бизнесті ұйымдастыруға бағдарланады.
Егер жаңа еңбекпен қамту бағдарламасының қатысушылары тұрғылықты жері бойынша жұмысқа орналастырыла алмаса, Үкімет «экономикалық өсім орталығына» олардың көшуіне және артынша нақты кәсіпорынға жұмысқа тұруына жәрдемдесуге тиіс.
Азаматтардың мұндай санаты үшін жалға берілетін арзан тұрғын үй тұрғызу және оны жеңілдікті шарттармен ұсыну тетіктерін пысықтау қажет.
Үкіметке еңбекпен қамту бағдарламасын пилоттық режимде ағымдағы жылы іске қосуды және ең кем дегенде 50 мың адамды қамтуды жүктеймін.
Республикалық бюджетте оны жүзеге асыруды қаржылық қамтамасыз етуді қарастыру керек.
2015 жылға қарай, бағдарламаның қатысушыларының саны шамамен 1,5 миллион адамды құрауға тиіс. Нәтижесінде, кедейшілік деңгейі 6 пайыздан төмен түсуге тиіс.
Үкіметке, облыс әкімдеріне отандық және шетелдік компаниялармен олар осы бағдарламаға қатысулары және жаңа жұмыс орындарын құрулары үшін жұмыс жүргізу қажет.
2020 жылға қарай әлеуметтік көмек көрсетудің шектік деңгейі күнкөріс шегінің шамасының 100 пайызына дейін артады.
Базалық зейнетақылық төлем мөлшері күнкөріс шегінің шамасының 60 пайыздық деңгейіне жеткізілетін болады.
Біз жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жалданушы жұмысшыларды 100 пайыз және өзін-өзін жұмыспен қамтушы тұрғындарды 40 пайыз қамтуына қол жеткіземіз.
Мен, сондай-ақ Үкіметке бірінші рет «Самұрық-Қазына» қорына кіретін ұлттық компаниялардың акцияларын халық арасында орналастырудың бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын.
Ендігі осы жылдың соңына дейін «Самұрық-Энерго» АҚ-тың, «KEGOC» АҚ-тың, «Қазпошта» АҚ-тың акцияларын қор нарығында орналастыруды қамтамасыз ету қажет.
Келесі кезеңде 2012-2013 жылдарда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың, «Қазатомпром» АҚ-тың акцияларын қор нарығына шығару қажет.
Үкімет осы жұмысқа Қазақстанда жұмыс жасайтын барлық шетелдік компанияларды қосуы керек. Бұл олардың біздің азаматтар алдындағы борышы.
«Халықтық ІPO» жүздеген мың қарапайым қазақстандықтарға ірі кәсіпорындардың акцияларына иелік етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ жинақтарын көбейтудің және инвестициялаудың жаңа құралын ұсынады.
Акциялардың баяғы жекешелендіру кезіндегідей бай қалталыларға емес, тек қарапайым қазақстандықтарға сатылуын қадағалау керек.
Екіншісі. Қолжетімді және сапалы білім алу үшін жағдайлар жасау.
Білім беру шығыстары 2016 жылға қарай ІЖӨ-нің 5 пайызына дейін арттырылады.
Алдағы бес жыл үдерінде бүкіл еліміз бойынша 400 жаңа мектеп, соның ішінде 20 Интеллектуалдық мектеп салынатын болады.
Бұл мектептерде 12 жылдық білім беруге көшудің базасын жасайды.
Біз техникалық және кәсіби білім берудің тиімді жүйесін қалыптастырамыз.
Жоғары білім деңгейін әлемдік стандарттарға дейін жеткізу қажет.
Біз мемлекеттік тілді оқытудың озық жүйесін жасаймыз.
Қазақстан азаматтарының басым көпшілігі қазақ тілін меңгереді.
Ақыр соңында, біз педагог мәртебесін көтереміз.
Олардың 20 пайызы тіпті жетекші әлемдік оқыту орталықтарында біліктілігін арттырудан өте алады.
Үшіншісі. Қазақстандықтардың денсаулығын нығайту, медициналық қызметтердің қол жетімділігі мен сапасын арттыру.
Тәуелсіздік жылдарында қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен жарақталған, шамамен жаңа 500 денсаулық сақтау объектілері салынды.
2015 жылға қарай тағы да 350 дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер мен емханалар тұрғызылады.
2013 жылға қарай Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі қалыптастырылатын болады, ол бастапқы медик-санитарлық жәрдемнің сапасын арттырады.
Біз еліміздің барлық медициналық мекемелері үшін эталон ретінде Астанада болашақ госпиталін жасап жатырмыз. Ол озық халықаралық тәжірибенің ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне трансфертін қамтамасыз етеді. Нәтижесінде, 2020 жылға қарай өмір сүрудің орташа ұзақтығы 72 жасқа дейін және одан көпке ұзарады.
Ана мен сәби өлім-жітімі 2 есе төмендейді. Жалпы, өлім-жітім 30 пайыз төмендейді. Қазақстан халқының саны 18 миллион адамға жуықтайды.
Төртіншісі. Қазақстандықтардың баспана және тұрмыстық жағдайларын жақсарту.
Тұрғын үй құрылысы бағдарламасының арқасында шамамен миллион қазақстандық жаңа пәтерлерде немесе үйлерде тұрып жатыр.
2009-2010 жылдары дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру бізге жаңа тұрғын үйді іске қосу көлемін жыл сайын 6,4 миллион шаршы метр деңгейінде сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Алайда коммерциялық құрылыс өсімінің төмендеуі және дағдарысқа қарсы бағдарламаның аяқталуы тұрғын үй құрылысының құлдырауына әкелуі мүмкін. Біз бұған жол бермеуге тиіспіз. Сондықтан Үкіметке тұрғын үй құрылысын қолдаудың және ипотеканы ынталандырудың іс-шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын.
Жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі аясында қымбат емес баспана салуын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ тұрғын үй құрылысын қаржыландырулары үшін екінші деңгейлі банктерді қорландыруды да қамтамасыз еткен жөн.
Бұл үшін мемлекет құрылыс және тұрғын үйді сатуды бастау кезеңінде екінші деңгейлі банктерде мақсаттық депозиттерді орналастыруы қажет. Бұл ретте қаржыларды банктерде орналастырудың міндетті шарты олардың эконом-сыныптағы тұрғын үйді қаржыландыруы болуға тиіс. Сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуды қамтамасыз ету керек. Бұл жерде жеке инвесторларды тарту үшін қажетті жағдайлар жасау қажет.
2011 жылы тұрғын үй құрылысын қолдауға шамамен 75 миллиард теңге қарастыру керек. Осы шаралардың барлығы жыл сайын шамамен 6 миллион шаршы метр тұрғын үй құрылысын қамтамасыз етеді. Біз тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтерінің сапасын арттырамыз.
Ауылдық елді мекендердің 80 пайызы және шағын қалалар 100 пайыз таза ауызсумен орталықтандырылған жабдықтауға қол жеткізеді.
2015 жылға қарай республикамыздың телекоммуникациялары желілерін 100 пайыз сандық жүйеге көшіріледі. Барлық үйлердің интернет торабына, мультимедиалық қызметтердің кең өрісіне және сандық телевизияға шығуы қамтамасыз етіледі.
2015 жылға қарай әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтердің кем дегенде 50 пайызы электронды күйде көрсетілетін болады.
Бесіншісі. Экономиканың сапалы өсуі және әлемнің экономикалық тұрғыдан барынша бәсекеге қабілетті елдері қатарына ену.
Өткен жылы «Бизнестің жол картасы - 2020» кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы басталды. Осы бағдарлама аясында субсидиялауға 225 өтінім мақұлданды, өтінім кредиттерінің жалпы құны 101,2 миллиард теңге.
30 жоба бойынша кепіл берілді, 129 бизнес субъектісі үшін қажетті инфрақұрылым жүргізілді.
Ендігі Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында индустриалдық аймақтарды ұйымдастыру бағытында жұмыс басталды, 1175 кәсіпорынға сервистік қолдау көрсетілді.
Бағдарламаға қатысушы кәсіпорындарда жұмыс істейтіндердің жалпы саны 20 мыңнан астам адамды құрайды. Қосымша шамамен 8 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда. Бұл бірінші жыл үшін жақсы нәтиже. Қарқынды бәсеңдетіп алуға болмайды.
Үкіметке, Ұлттық банкке және Қаржылық қадағалау агенттігіне дағдарыстан кейінгі қайта қалпына келу бағдарламасын әзірлеуді жүктеймін. Бұл міндетті шешуге екі қырынан келу қажет.
Біріншіден, бәсекеге қабілетті кәсіпорындарға сауығуға көмектесу керек. Бүгінде «Бизнестің жол картасы-2020»-да ендігі кәсіпорындарды сауықтырудың кейбір тетіктері қарастырылған.
Кредиттер бойынша шекті мәнді 3-тен 4,5 миллиард теңгеге дейін арттыру қажет.
Жаңа бағдарламада қарызы 4,5 миллиард теңгеден асатын кәсіпорындарға мемлектеттік қолдау қарастырылуы керек.
Екіншіден, бұл - қаржылық жүйені сауықтыру.
Дағдарыс тұсында банктердің кредиттік портфелі елеулі нашарлады.
Банктер әлі күнге нақты секторды несиелендіруге кіріскен жоқ, ал бұл болса, экономиканың өсімін тежеп отыр. Стрессті активтер қорының әлеуетін іске қосу керек. Бұл жерде екі жақтан қозғалыс болуға тиіс.
Банктер шығындарды мойындауға алып, жұмыс істемейтін активтерді стрессті активтер қорына тапсырулары тиіс. Мұндай мүмкіндік тек биылғы жылы ғана беріледі. Бұл - уақытша шара.
Осының бәрі кәсіпорындарға және қаржылық ұйымдарға өсім стратегиясына көшуге көмектеседі.
Біз әлемнің бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына кіру туралы өзіміздің мақсатымызды бір минутқа да ұмытпауға тиіспіз.
Бұған жетуге Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын орындауына ықпал етуге тиіс. ІЖӨ өсімі кем дегенде 30 пайызды құрауға тиіс.
Ұлттық қордың активтері ІЖӨ-нің кем дегенде 30 пайызын құрайды.
Алтыншысы. Ары қарайғы саяси жаңғыру, қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштықты, қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Біз саяси жүйені жаңартуды бірте-бірте жүзеге асыратын боламыз.
Бұл - Парламенттің, оған есепті Үкіметтің өкілеттігін кеңейту, саяси партиялардың және жергілікті билік органдарының, сот жүйесінің рөлін нығайту.
Өркөкіректік, тәкаппарлық, шонжарлық, қарапайым адамдарға менсінбей қарау - міне, жекелеген шенеуніктердің ең «бейкүнә» істерінің бір парасы!
Партия болмаса, кімнің бұл кесапатпен күресуге күші жетеді? Соның ішінде өз қатарларыңда! Сондықтан біз партия мен БАҚ-тың жемқорлықпен күрестегі, азаматтарды шенеуніктер мен жұмыс берушілердің бассыздығынан қорғаудағы рөлін арттыратын боламыз.
Саяси күрес логикасы кейде қатаң бәсекелестікті қажет етеді. Бұл түсінікті. Бәсекелестік партияны шыңдайды, өзіне-өзі масаттанушылыққа және күштердің ыдырауына негіз бермейді.
Бірақ біздің Тәуелсіздікті нығайту мәселесінде және халықтың әл-ауқатына қол жеткізуде Қазақстанның барлық партиялары біртұтас болуға тиіс. Бұл - бүкіләлемдік дәстүр. Міне, дәл осындай бәсекелестікке үйрену қажет, тек сонда ғана демократия дамиды.
Біз өз еліміздің айналасын дүбірге бөлеп жатқан оқиғалар аясында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан біздің ортақ борышымыз, Қазақстанды сүйетін әрбір жанның борышы халықтың бірлігін және елдегі тұрақтылықты аялап, сақтау. Мен барлық азаматтарды, барлық саяси күштерді осыны есте ұстауға шақырамын. Мен тек өзімнің Президенттігіме ғана емес, сондай-ақ біздің елімізге деген сенімнің тарихи актісі болсын деп, сайлау өткізуге шештім.
Біз осы сайлау еркін де әділ болуы үшін өзіміздің қолымыздағының бәрін жасаймыз. Біз бүкіл әлемге біздің халқымыздың күш-қуатын, прогрессін және өркендегенін паш етеміз.
Бүкіл әлем әлемдік қоғамдастықта маңызды да жауапты рөл атқаратын, бүкіл Орталық Азиядағы үлгілі ел ретінде Қазақстанның артып келе жатқан әлеуетін және жасампаздық миссиясын көреді. Дәл осылай 2012 жылы Парламент сайлауы да өтуге тиіс, содан кейін Мәжілісте міндетті түрде кем дегенде екі партия ұсынылатын болады.
Біз құқықтық тәртіпті күзету жүйесін нығайтатын боламыз, басталған реформаны жүйелі түрде тереңдетеміз.
Жемқорлықпен күресті күшейткен жөн. Өткен жылы пара алу оқиғалары алдыңғы жылға қарағанда 28 пайызға артық ашылды. 800-ден астам коррупционер сотқа берілді, олардың арасында биік лауазымды шенеуніктер бар.
Коррупциялық қылмыстардан келген ауқымы 3,7 миллиард теңге шығын өтелді.
Жетіншісі. Біз жауапты да белсенді сыртқы саясатты, мемлекеттің қорғаныс қабілеттілігі мен оның қауіпсіздігін нығайтуды жалғастырамыз.
Еліміздің қорғаныс қабілеттігін нығайту мақсатында әскерімізді қару-жарақ пен әскери техниканың озық үлгілерімен жарақтандыру жалғастырылады.
Біздің солдаттар мен офицерлердің лайықты қызметі үшін барлық жағдайлар жасалады.
Қымбатты қанаттастарым!
«Нұр Отан» партиясының ХІІІ съезі партия дамуындағы жаңа кезеңге бетбұрыс бастауы болады деп сенемін.
Біз жаңа бағдарлама қабылдау арқылы ел дамуының алдағы онжылдығында бас партия атқаратын басты міндеттерді айқындаймыз.
Бүгін біз қабылдаған жаңа идеологиялық тұғырнама рухын еліміздің барша азаматтары мен партия мүшелері толық сезінуге тиіс.
Біздің партияның күш-қуаты - бірлікте. Біз берік бірлігіміздің арқасында ұланғайыр жетістікке қол жеткіздік. Алдағы уақытта ауызбірлігімізді нығайта түссек, бұдан да биік белестерді бағындыра береріміз анық.
Экономиканы ауқымды жаңғырту мен қоғамды жаңартуға қатысу - партия үшін үлкен саяси сынақ болғалы тұр. Партияның болашақ тағдыры мен еліміздің кемел келешегі «Нұр Отанның» салиқалы бағытына байланысты болмақ.
Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!
«Айқын» газеті, 2011 жылғы 12 ақпан