12:30, 18 Наурыз 2014 | GMT +5
«Нұр Отан» партиясы мемлекеттік органдардың жұмысын қадағалауды күшейтпек
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» ХДП орталық және жергілікті жерлердегі мемлекеттік органдардың жұмысын қадағалауды күшейтеді. Бұл туралы бүгін "Нұр Отан" партиясының Сайлауалды тұғырнамасын іске асыру барысына арналған Үкімет отырысында партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек айтты.
«Біз орталық және жергілікті жерлердегі меморгандардың жұмысын қадағалауды Мәжілістегі «Нұр Отан» фракциясы мен мәслихат депутаттары тарапынан күшейтетін боламыз. Осы мақсатпен партиялық сарапшылар тобына Парламенттегі партия фракциясының барлық депутаттары мен облыстық мәслихат фракциялары депутаттарының жартысына жуығы кіргізілді», - деді Б.Байбек.
Оның айтуынша, партия көшбасшысының тапсырмасы бойынша, аталған сарапшылар тобы жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін оның қызметіне БАҚ және үкіметтік емес ұйымдардың, шығармашылық және зиялы қауым өкілдері қатыстырылады.