«Нұр Отан» партиясы ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлері үшін тақырыптық қабылдаулар өткізеді - Б.Байбек

Тоқтала кететін жайт, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Нұр Отан» партиясы былтырғы жылы да тақырыптық кездесулер мен қабылдаулар ұйымдастырған болатын. Республика бойынша жұмыс істеп тұрған 241 қоғамдық қабылдаудың арқасында жұртшылықпен тиімді кері байланыс тетігі жанданып, бұл ауылды жерлерден бастап, жоғарыға дейінгі деңгейлердегі проблемаларға жедел ден қоюға септігін тигізген.
«Биылғы жыл да ерекше. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын есепке ала отырып, біз өңірлерге тағы да ардагерлер мен тыл еңбеккерлері үшін тақырыптық қабылдаулар өткізуді тапсырып отырмыз. Наурыздың 1-інде партияның жұмысы туралы азаматтарға бұрынғыдан да жан-жақты жеткізудің мүмкіндіктері, мемлекеттік саясатты түсіндіру жолдары бағаланатын болады. Сонымен қатар азаматтарды жұмысқа орналастыру, тұрғын үй құрылысы мен басқа да проблемаларды шешуге септігін тигізетін «Нұрлы жол» бағдарламасына да баса назар аударылады», - деді Б.Байбек.
Еске сала кетейік, 11 наурызда «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезі өтеді. Съезге еліміздің барлық өңірлерінен 1200-ден астам, оның ішінде облыстық мәслихаттардағы партияның депутаттық фракциясының жетекшілері, шалғай ауылдардың өкілдерін қосқанда 200-ден астам бастауыш партия ұйымының төрағасы, сондай-ақ 100-ден астам ардагер мен партия белсендісі бар делегаттар қатысады деп жоспарлануда. Партия жарғысына сәйкес 26 ақпанда бастауыш партия ұйымдарының жиындарында, партияның аймақтық және өңірлік филиалдарының конференцияларында «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVІ Съезіне делегаттарды ұсыну басталды.