«Нұр Отан» партиясының баспасөз хатшысы өзін өртеген жігіттің оқиғасына қатысты түсініктеме берді

Түсініктеменің мәтінін партияның баспасөз хатшысы Жасұлан Әбдіхалық «Фэйсбук» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында таратты.
«Ағымдағы жылғы 24 қазанда Жамбыл облысының орталығы -Тараз қаласында төтенше оқиға орын алды. Қаланың орталық алаңында Бектібаев Ерлан Абдоллаұлы есімді азамат үстіне жанармай төгіп, өзіне-өзі от қояды. Бұдан соң жақын жерде - оқиға орнынан небәрі 40 метр қашықтықта орналасқан «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалына жүгіріп кірген.
Партия филиалының қызметкерлері өзіне-өзі қол салған азаматқа шұғыл көмекке ұмтылып, өрт сөндіру шараларын жасады, сонымен бірге дереу жедел медициналық жәрдемді және полиция қызметкерлерін шақыртты»,-делінген хабарламада.
Қажетті жәрдем көрсетілгеннен кейін, филиал қызметкерлері Е.Бектібаев жайлы мәлімет жинап, оқиға куәгерлерінен ақпарат алды, сондай-ақ Жамбыл облыстық ІІД-ден анықтама сұратқан екен.
«Өзіне қол жұмсар алдында аталған азамат өзінің бұндай әрекетке баруының себебі ішкі істер департаменті қызметкерлері тарапынан қысым көрсетілуі екенін мәлімдеген.
Сонымен бірге, ол соңғы үмітті партиядан күтетінін айтқан. Бірақ, Е.Бектібаевтың бұған дейін партияның облыстық және қалалық филиалдары қоғамдық қабылдау бөлмелеріне келіп шағымданбағаны анықталды. Тараз қалалық прокуратурасының мәліметінше, Е.Бектібаев 25.07.1995 жылы Өзбекстан Республикасында туған, Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Сайрам ауданының Ақсукент ауылында тіркелген. Бұрын ауыр қылмысы үшін сотталған, сондай-ақ Тараз қалалық ІІД қызметкерлерінің жедел іздестіру шаралары кезінде есірткі заттарын сақтағаны үшін қайта ұсталған. Аталған оқиғаның «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының бақылауына алынғанын хабарлаймыз»,-дейді түсініктеменің мәтінін тарата отырып Ж.Әбдіхалық.