«Нұр Отан» партиясының Доктринасына тәуелсіздік хақындағы тамыры терең, қазығы берік тұжырымдамалар кеңінен енді - Н. Оразалин

«Қазақстан халқының санасына «Елбасы партиясы» деген саяси күш ретінде бекіген «Нұр Отан» партиясының бұл құрылтайы ерекше тарихи жағдайда өтіп отыр. Қазақстан өз дамуының жаңа сатысына көтерілді», - деп атап өтті сенатор. Сонымен қатар, Н. Оразалин күн тәртібіндегі саяси Доктрина ел өміріндегі өзгерістердің түйінделер тұсы мен жаңа дәуір жағдайындағы ахуалдың сұрағы молайып тұрған кезімен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.
«Біздің жеңістеріміздің арқауы Ел мен Елбасы бірлігінде, бұл уақыт сынынан мүдірмей өткен шындық. Сондықтан саяси доктрина адам ойы мен санасын тазарту кезеңінде өмірге келгенін сезіне отырып, содан арылуға, осыған дейінгі уақыт сынынан сүрінбей өткен саяси, экономикалық және рухани бағыттарымызды жетілдіруге шақырады. Доктрина жүргізіліп келе жатқан сара саясатымыздың жетістіктерін дәйектейтін әрекеттерге қанат бітіре отырып, әрбір қазақстандықты тәуелсіздік атты киелі де қасиетті басты құндылығымызды қастерлеуге, болашақ ұрпаққа басы бүтін жеткізуге міндеттейді. Тәуелсіздікке қызмет ету, Тәуелсіздік мұраттарын қорғау, Тәуелсіздік тудырған ұлттық ұстанымдарды бекіту, Тәуелсіз елдің сындарлы саясатын орнықтыру, Тәуелсіз елді өзгенің кең астауына жалтақтатпайтын дербес экономикалық бағыттарды тиянақтау, Тәуелсіз рухани кеңістігін қалыптастыру, төл мәдениетімізді өрістету тәрізді жаңа тұрпатты мемлекет құру мен дамытудың осыншама қадау-қадау қағидаттарын Президентіміз үздіксіз айтып келеді. Жаңа саяси Доктрина съезд талқысына түспес бұрын жалпыхалықтық талқылаудан өтті. Нәтижесінде біраз өзгерістер енгізілді», - деді Сенат депутаты.