13:38, 16 Маусым 2009 | GMT +5
«Нұр Отан» партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес жұмыстары сараланды
АСТАНА. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанада «Нұр Отан» партиясының Парламент Мәжілісіндегі парламенттік фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің екінші сессиясының жұмыстары қорытындыланды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Отырыс барысында фракцияның атқарған жұмыстарына тоқталған Әлеуметтік кеңестің төрайымы, депутат Айткүл Самақованың айтуынша, аталмыш кеңес 2007 жылдың қазан айының 10-ында құрылған. Ол өзінің құрылымы жағынан консультативтік кеңесші орган болып есептеледі және оның басты міндеті әлеуметтік саладағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысын талдау. Сонымен қатар, кеңес әлеуметтік салаға қатысты мәселелерге өзінің көзқарасын білдіріп, оның әрі қарай ілгерілеуіне ықпал етіп отырады. Бұған қоса әлеуметтік саладағы заңнамаларды жетілдіру мақсатында тиісті ұсыныстар енгізіп, ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен дөңгелек үстел түріндегі жиындар ұйымдастырады. «Аталмыш кеңес өзі қалыптаса бастаған уақыттан бастап-ақ жұрттың қызығушылығын тудырды. Көптеген азаматтар онда жұмыс істеуге деген ниеттерін де білдіре бастады. Одан бері кеңестің құрылымы мен құрамына біршама өзгерістер де енгізілді. Дегенмен ол өзінің басты міндетін әдеттегі тәртіп бойынша жүргізіп келеді. Осылайша біз 2008 жылдың қыркүйек айынан 2009 жылдың осы кезіне дейін әлеуметтік кеңестің 8 мәжілісін өткіздік. Көптеген парламенттік және қоғамдық тыңдауларға қатыстық. Олардың арасында халықаралық және республикалық деңгейдегі конференциялар бар. Бәрінде де әлеуметтік салаға қатысты мәселелер талқыланды», - деді кеңес төрайымы. Оның сөзіне қарағанда, кеңес өкілдерінің кеңінен талқылаған мәселелерінің бірі - «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс болды. «Біз көптеген ұсыныстар білдірдік, олардың басым бөлігі кодекске енгізілді. Біз сонымен қатар елдегі онкологиялық қызметтің жай-жапсарын да кең ауқымда талқыладық. Бұл бағыт бойынша Үкімет біздің ұсынысымызды қабыл алды. Бұған қоса біз қант диабетімен ауыратындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру мәселесін талқыладық. Бұнда да біз өзіміздің ықпалымызды жүргізе алдық», - деді депутат.