«Нұр Отан» партиясының Республикалық сайлауалды штабы ОҚО-ға келді

Үгіт-насихат тобын «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары, штаб жетекшісі Асқар Мырзахметов бастап келді. Арнайы сапармен келген делегация өкілдері«Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» партиялық жобасы бойынша мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындармен кездесті. «Химфарм» АҚ ұжымымен жүздесіп, «Оңтүстік» индустриалды аймағында іске асып жатқан жобалармен танысты. Түркістан қаласында штаб мүшелері зиялы қауым өкілдері және аймақ ақсақалдарымен жүздесіп, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ түрік университетінде болды, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметінен.
Республикалық сайлауалды штаб мүшелерінің құрамында: ҚР Парламенті Мәжілісінің V шақырылымының депутаттары Майра Айсина, саяси кеңес бюросының мүшесі Нұрлан Әбдіров, «Халық Қаhарманы» Бақытжан Ертаев, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, театр және кино актері Нұрлан Әлімжанов, ҚР Ұлттық мұражай директоры Дархан Мыңбай және т.б. танымал тұлғалар бар.
РСШ мүшелері өңір шаруаларымен кездесіп, аймақтың ауылшарушылық саласындағы жетістіктер мен мүмкіндіктерді талқылады. Оңтүстік өңірі ауылшаруашылық өнімдерібойынша республикада екінші орында. 5 жыл ішінде өндіріс көлемі 2,1 есеге (164-тен 345 млрд. теңгеге), өсімдік шаруашылығы 2,2 есеге (85-тен 185 млрд. теңгеге), мал шаруашылығы 2 есеге (78-ден 159 млрд. теңгеге) артқан.
Сонымен қатар РСШ мүшелері«Химфарм» АҚ-да болып сайлаушылармен кездесті. Кәсіпорын «SANTO» атауымен 200-ден астам тауар түрін шығарады. Зауыттың қуаттылығы жылына 1,2 млрд. таблетка және капсула, 294 млн. ампула, 6 млн инфузия, 40 млн антибиотик флакондары, 26 млн сироп өндіреді.
Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» индустриалды аймағында партияның Республикалық сайлауалды штаб делегациясы шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті. Бұл аймақ 2010 жылы құрылған. Мұндағы жобалар металлургия, химия және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, машина құрастыру салаларына бағытталған. Аймақта құны 19,8 млрд теңгені құрайтын 38 жоба жүзеге асып, 2,9 мың жаңа жұмыс орындары ашылған. Жалпы, облыста 5 жылда «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының аясында құны 473 млрд. теңге болатын 986 жоба іске қосылып, 11,3 мың адам қайта оқытылған, 14,6 мың жаңа жұмыс орны ашылған.
Түркістандағ тарихи-мәдени этнографиялық орталықта партияның Республикалық сайлауалды штаб өкілдері ақсақалдармен және зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізіп, еліміздің әрі қарайғы даму мәселелерін талқылады. Кездесуде тарихи тағлымы мол шаһарда туризм саласын дамыту мәселесі де сөз болды. Ортағасырлық бірегей сәулеткерлік ескерткіш болып саналатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесін көруге мұнда жылына бір миллионға жуық адам келеді
Республикалық сайлауалды штаб өкілдері сондай-ақ Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ студенттерімен және ұстаздарымен кездесіп, партия бағдарламасының артықшылықтары туралы баяндап берді. Білім ордасы партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1991 жылы құрылған. Қазір университетте әлемнің 32 елінен 7,4 мың студент, магистрант және доктаранттар білім алуда. Оқу 4 тілде жүргізіледі. Үгіт-насихат топ мүшелері наурыздың 20-сы күні өтетін сайлауда жастарды белсенді болуға, Бірлік, Тұрақтылық, Жасампаздық үшін дауыс беруге шақырды.
Айта кетерлігі, Оңтүстік Қазақстан облысында 15 сайлауалды штаб құрылған, онда партияның 6 мыңға жуық астам сенімді өкілдері мен белсенділері жұмыс істейді. Облыстағы мәслихат депутаттары үміткерлері ретінде «Нұр Отан» партиясынан 315 астам адам түседі.