«Нұр Отан» партиясының рөлін арттыруда қоғамдық қабылдаудың маңызы зор

None
None
ОРАЛ. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - «Нұр Отан» партиясының рөлін арттыруда қоғамдық қабылдаудың маңызы зор. Бұл туралы «Нұр Отан» ХДП Батыс Қазақстан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Мұқтарова мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Оның айтуынша, Астанада өткен «Нұр Отан» ХДП-ның ХІІ съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық қабылдау мәселесінің де орны ерекше екеніне тоқталып, адамдарға белсенді көмектесуді жалғастыру керектігін атап өткен болатын. Бұл ретте «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің де есігі қашанда ашық. Филиалдың бірінші қабатында орналасқан қабылдау бөлмесінің алды әркез адамнан арылмайды. Олар қабырғадағы кестеге үңіліп, кімнің қашан қабылдау жүргізетінін біліп отырады. Қоғамдық қабылдау бөлмесінде түске дейін және түстен кейін екі сағаттан қабылдау жүргізіледі. Түске дейін облыстық мәслихат депутаттары, ал түсқайта қадағалау, ішкі істер, әкімдік қызметкерлері, басқа да лауазым иелері қабылдайды. Қоғамдық қабылдауларға Сенат және Парламент, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық ішкі істер департаментінің, облыстық прокуратураның бірінші басшылары, Орал қалалық әкімдігінің жауапты қызметкерлері және басқалар қатысады. Өткен жылы облыстық филиалдың қабылдау бөліміне 1066 арыз-шағым түскен. Соған байланысты 429 адам облыстық мәслихат депутаттарының қабылдауында болған. Осылардың арасында 322 арыз оң шешімінін тапқан. Мұның ішінде ақ адал малын біреуге сатып, ақшасын ала алмай жүрген жаңақалалық ақсақалдың қуанышын ерекше атап кетуге болады. Сарсаңға түсіп, қала мен аудан орталығын жол еткен ол «нұротандықтардың» араласуымен 14 мың доллар есебінде малының ақысын өндіріп алған. Тұрғын үй кезегінен себепсіз шығарылған отбасының жағдайымен санасуға ықпал ету деген сияқты жұмыстар - партия мен атқарушы билік, қадағалау органдарының бірлескен іс-қимылының нәтижесі. Арыз-шағымдардың біразы құқық қорғау қызметкерлерінің, лауазым иелерінің іс-әрекетіне наразылық, сот шешіміне келіспеушілік болып келеді. Сонымен қатар партияның жұмысына ризашылығын білдіріп, алғыс айтушылар да аз емес. Халықтың көп бөлігін қамту мақсатында «нұротандықтар» 22 рет жылжымалы қоғамдық қабылдау ұйымдастырған. Биылғы төрт ай ішінде 925 өтініш түскен. Бұлардың ішінде Зеленов, Бөрлі, Теректі ІІБ-не қатысты шағым көбірек. Мұның арасында мал ұрлығына, істі тексерудің ұзаққа созылуына, басқа да мәселелерге қатысты арыздар бар. Облыстық мәслихат депутаты, «Зенит» зауытының директоры Вячеслав Валиев өтініш айтып келген бір мұқтаж жанның үйін жөндеуге материалдық көмек көрсеткен. Ал таяуда облыстық филиалда қоғамдық қабылдау жүргізген БҚО прокурорының орынбасары Батыр Жазбаев өзінің алдына келген 15 тұрғынның әрбіреуінің арызын мұқият тыңдап, танысып, нақты кеңес беріп, түйткілді оқиғаларға қатысты арыз иелерін келесі күні өзінің қабылдауына келуге шақырды. Әрбір арыздың соңында адам тағдыры тұрғаны белгілі. Мысалы, осы қабылдауға келген бір жас жігіт өзінің сот шешіміне риза еместігін жеткізді. Жол апатына ұшырап, оқиғаға қатысты барлық деректер қолында болғанымен, сот оның талабын қанағаттандырмаған. Тағы бір азамат денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз болып, жұмысқа шықпаған, себебі дәлелді болғанына қарамастан, оған өз еркіңмен өтініш жаз деп ұсыныс жасалған. Еңбек ақысын, тылда еңбек еткені үшін жеңілдік ала алмай жүргені, алимент өндіріп алудағы кереғарлық, қайта қаржыландыру, т.б. мәселелерге қатысты арыз айта келгендердің қай-қайсысының да өтініші аяқсыз қалмайтыны анық. ?Кейбір азамат бір мәселеге қатысты келіспеушілігін хат арқылы екі-үш жерге жолдайды, тіпті Бас прокуратураға дейін. Бізге олардан сол хатты тексеріп, анықтау туралы нұсқау беріледі. Ал мынандай қабылдауларда бетпе-бет кездесіп, мәселенің анық-қанығына көз жеткізуге, пайымдауға болады. Қабылдап алған арызды тексеріп, белгілі мерзім ішінде тиісті жауабын береміз, - дейді Батыр Дүйсенбіұлы. Гүлжан Мұқтарованың түйіндеуінше, әр аптаның сейсенбі күні құқық қорғау, қадағалау, арнайы есепке алу және құқықтық статистика т.б. органның лауазым иелері осында келіп, қабылдау жүргізеді. Әрине, әрбір басшының тиісінше қабылдау күндері бары белгілі. Дегенмен мұнда өзара жанды әңгіме туындайды. Қоғамдық қабылдаудың айырмашылығы ? тұрғындар лауазым иелерімен тікелей кездесіп, бір жауап ала алады. Міне, жергілікті жердегі осындай іс-шаралар Елбасы сөзінің іске асып жатқанының нақты көрінісі екені сөзсіз.
Соңғы жаңалықтар