16:53, 27 Ақпан 2009 | GMT +5
«Нұр Отанның» он жылдығын оң істермен атап өтсек, абыройымыз арта түседі - Кенжебай Нығмет
ОРАЛ. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Биыл «Нұр Отан» ХДП-на 10 жыл. Соған орай, ҚазАқпарат тілшісі партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжебай Нығметпен сұхбаттасқан еді.
-Соңғы он жылда еліміз қарыштап дамығаны мәлім. Осы ұлан-ғайыр өзгерістерде «Нұр Отан», оның батысқазақстандық филиалы қандай рөл атқарды деп ойлайсыз?
-Шынында да осы қысқа ғана мерзім ішінде тәуелсіз Қазақстан қайта түледі десе де болады. Өзіңіз білесіз, 1999 жылы қаңтарда құрылып, ақпанның 12-сінде ҚР Әділет министрлігінде тіркелген «Отан» республикалық саяси партиясы Қазақстан демократиялық партиясы, Қазақстан халық бірлігі партиясы, Қазақстан либералдық қозғалысы және «Қазақстан-2030» үшін» қоғамдық қозғалысы негізінде өмірге келді. Оның құрамына Елбасы саясатын қолдайтын көптеген беделді тұлғалар кірді. Сонымен бірге жас партия қатарына қосылған, қоғамдағы оң өзгерістерді қалайтын қарапайым қазақстандықтар да аз болған жоқ.
Содан бері де «Нұр Отан» партиясы айқын идеяны алға тартып, басты өзгерістерді жүзеге асырған негізгі күш ретінде таныла білді. Бұл ретте ол кеңес дәуіріндегідей, бұйыру тәсілімен емес, өз арасынан сайланған халық қалаулылары, мемлекеттік органдарда жұмыс жасайтын мүшелері, үкіметтік емес немесе өзге ұйымдардағы белсенділері арқылы өз мақсатына жете білді. «Нұр Отан» бүгінде көпшілік қолдайтын, халық зор сенім артатын партияға айналды. Оның негізін бюджеттік сала қызметкерлері, студенттер, зиялы қауым, шағын және орта бизнес өкілдері құрауы да тінінің беріктігін көрсетеді.
Партияның облыстық филиалы мәслихаттардың қызметін жандандыруға, олардың өзін-өзі басқару органы ретінде жергілікті мәселелерді шешуде ықпалды күшке айналуына ерекше мән береді. Партияның орталық аппаратының тапсыруымен облыстық филиал «Азаматтық белсенділік пен жауапкершілік ? жергілікті өзін-өзі басқарудың негізі» атты пилоттық жоба жасады, мұны Батыс Қазақстан облысы негізінде жүзеге асыру ойластырылуда. Бағдарлама мақсаты ? түрлі мәселелерді азаматтардың өздері шеше білуіне ықпал ету, олардың жергілікті билікпен, қоғамдық ұйымдармен тығыз байланысын қамтамасыз ету.
Партияның тұрғындармен байланысы аса маңызды, бұл да назардан тыс қалмақ емес. Партия филиалдары қоғамдық қабылдау бөлмелерінің ұйымдастырылуы да осы мақсаттан туындап отыр.
- Партияның облыстық филиалының қазіргі құрылымы қандай, оның қатарын нығайту бағытында не істеліп жатыр?
- Қазіргі кезде облыста «Нұр Отанның» 13 аумақтық филиалы мен 329 бастауыш партия ұйымы жұмыс жасайды. Оларда партияның 27380 мүшесі есепте тұрады. Біз күнбе-күнгі жұмыста партияның төменгі буыны ? бастауыш ұйымдарға айрықша назар аударамыз. Айта кетелік, бұл ұйымдарға негізінен білікті де жауапты әріптестеріміз жетекшілік етеді, партияның активі де лайықты таңдалған. Мұндай белсенді көшбасшыларынсыз елеулі міндеттерді жүзеге асыра да алмас едік. Партия беделі де осындай ұйым басшыларына байланысты. Бастауыш ұйымдар жетекшілері өзінің айқын өмірлік ұстанымымен, жігерлі қызметімен партия төрағасы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатына үнемі қолдау көрсетіп отырады.
- Таяу мезгілде партия құжаттары ауыстырылмақ. Соның нәтижесінде партия мүшелерінің саны нақтыланып, партия филиалдары мен бастауыш партия ұйымдарының жұмысына толық талдау жасалатын болады. Тұтастай алғанда, партия қатары нығайып, оның сапалық құрамы жақсаратыны анық. Партия мүшелері туралы бірыңғай электрондық база да түзілмек.
Партия қатарын ұйымдық, кадрлық, идеологиялық жағынан нығайтып, саяси басқарудың соны әдістерін қолданудың да маңызы зор. Қазіргі уақытта облыстық филиал жұмысына ИСО 9001 сапа менеджменті жүйесін енгізу қарастырылуда. Партия активі үшін түрлі оқыту семинарларын өткізуге де тұрақты көңіл бөлініп келеді. Мәселен, аумақтық филиал төрағаларының бірінші орынбасарлары, есеп және статистика секторы меңгерушілері біліктіліктерін арттырды. «Нұротандық» депутаттар мен аумақтық филиалдардың идеологиялық активі үшін де оқулар ұйымдастырылған.
- «Нұр Отан» ХДП ел болашағы үшін жауапты жетекші саяси күшке айналды. Қазіргідей дағдарыс жағдайында партия нендей істерді қолға алмақ, осы орайда оның облыстық деңгейдегі мемлекеттік органдармен, бизнес құрылымдарымен, үкіметтік емес ұйымдармен байланысы қалай болмақ?
- Партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесі бюросының ақпан айындағы кеңейтілген мәжілістерінде берген тапсырмасына сәйкес «Нұр Отан» ХДП, «Руханият», «Қазақстан патриоттар партиясы», «Әділет» демократиялық партиясы, «Қазақстан халықтық коммунистік партиясы», «Ауыл» партиясы филиалдары, бірқатар қоғамдық ұйымдар мен кәсіптік одақтар басшылары облысымызда қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауда өзара түсіністік пен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Бұл құжатта жұртшылық өкілдері әлемді жайлаған дағдарыс жағдайында елімізде және облысымызда саяси тұрақтылық пен келісімді сақтаудың мән-маңызы арта түсетінін орынды атап өтті. Бұл ретте осы кезеңді пайдаланып, жағдайды орынсыз ушықтырудың еш қажеті жоқ екендігіне де ерекше мән берілді.
-
Еліміз әлемдік дағдарыс әсерін сезініп отырған кезде жергілікті жердегі бастауыш партия ұйымдарының жауапкершілігі мен рөлі артатыны анық. Мемлекет пен партия басшысы жүргізіп отырған дағдарысқа қарсы шаралардың табысты орындалуы тұрғындар қолдауына байланысты. Сондықтан ел ішінде түсінік жұмыстарын жүргізу партия активі міндеттерінің бірі болып қала бермек. Идеологиялық жұмыста партия аумақтық филиалдарының пікірталас клубтарының мүмкіндіктері пайдаланылып та жүр. Мұндағы басты тақырып ? дағдарысқа қарсы шаралар, азық-түлік бағаларын тұрақтандыру, халықты жұмыспен қамту, аз қамтылған азаматтарға көмек көрсету.
Облыстық филиал Елбасы тапсырмасына сәйкес бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де ұдайы назарда ұстайды. Бұл орайда «нұротандық» депутаттар белсенді жұмыс жасауда. Қоғам алдындағы өз жауапкершілігін түсінген кәсіпкерлер аз емес.
Қорыта келе, айтарым ? бізге әлі де көптеген істерді атқаруға тура келеді. Дағдарыс жағдайында партия мерейтойлық шараларға емес, нақты міндеттерді жүзеге асыруға иек артып отыр. Облыстық филиал тұрғын үй бағдарламасының орындалуын да қадағалауда. «Нұр Отан» ХДП халықтық тұғырнамасы аясында денсаулық сақтау, білім беру нысандары құрылысына мониторинг жүргізілуде. Мұның бәрін іске асыру үшін бізде тәжірибе жеткілікті. Алдағы уақытта осыны жетілдіре түсіп, көздеген межеден көріне білсек, мақсатымыздың орындалғаны деп түсінеміз.