«Нұр Отанның» жаңа Доктринасы - тың белестерге бастайтын ғасыр құжаты - тарих ғылымдарының докторы Д. Қожамжарова

АСТАНА. 18 қазан. ҚазАқпарат - «Еліміздегі же­тек­ші саяси­ ұй­ым­­­дардың біре­гейі - «Нұр Отан» ха­лықтық-демо­кра­­тиялық партия­сы әрқашан за­ман талабына сай, бо­лашаққа ба­йып­ты бағдарлама жасай отырып, қо­ғам­дағы және әлемдегі зәруліктерге жіті қа­рап келеді. Соның бір айқын дәлелі - партияның қоғамдық талқылауға ұсынған жаңа Доктринасы, деген пікірін білдіреді ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дария Қожамжарова бүгін «Егемен Қазақстан» басылымында жарық көрген «Нұр Отанның» жаңа Доктринасы - тың белестерге бастайтын ғасыр құжаты» деп аталатын сараптамалық мақаласында.
None
None

Яғни үлкен нәтижелерге қол жеткізуді дәстүрге айналдырған «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы жақында ғана «Нұр Отан». Нұрлы болашақ жолында!» деп аталатын жаңа Саяси доктринаның жобасын халыққа ұсынған болатын. Бұл Доктрина Елбасы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленіп, 3 бағыт пен 7 басымдықтан тұрады. Осыған орай қазір партияның төменгі буындарында қазанның 18-інде Астанада өтетін билік партиясының кезекті XV съезіне ұсынылатын «Нұр Отан». Нұрлы болашақ жолында!» аталатын партияның жаңа Саяси доктринасы жан-жақты талқылануда. Ол түсінікті де. Өйткені, бұл партияның болашақтағы жұмыс жоспары, бағыт-бағдары, идеологиясы болмақшы.

Ешкімге жасырын емес, бүгінге дейін партияның саяси құжаттарындағы құндылықтар бір құжатқа біріктірілмей, эпизодтық түрде ғана жазылған түрлі бастамалар мен идеялары әртүрлі құжаттарда жарияланғанымен, партияда дәл осындай стратегиялық мәні бар құжат болмаған. Ал бұл құжаттың өзгешелігі - оның аясы мен ауқымы өте кеңдігінде және тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан негізгі құндылықтарды нақтылап, Елбасының барлық стратегиялық бастамаларын іске асыруда ең басты тірегіне айналуында. Сондықтан құжаттың маңыздылығы мен тарихилығын ескерген нұротандықтар оны қайта-қайта пысықтап, толықтырулар мен өзгерістер енгізуде. Бұл жерде Қазақстанда осы кезге дейін бірде-бір партия еліміздің даму стратегиясына сәйкес келетін осындай доктринаны ұсына алмай, оны тек біздің партия ғана жасап шығуы кез келген мен сияқты нұротандықты қуантуда деп ойлаймын.

Жалпы алғанда, Елбасы жетекшілік ететін партияның алдағы онжылдықтардағы бағдарламасын айқындайтын бұл құжат Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың өткен жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында жариялаған «Қазақстан-2050» Стра­те­гиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси­ бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын басшылыққа алып, әзірленгенімен құнды. Өйткені, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің «Қазақстан-2030» Стратегиясы мерзімінен бұрын жүзеге асып, еліміз экономикасы дамыған саяси және әлеуметтік жүйесі тиімді мемлекетке айналған соң, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында түбегейлі жаңа мақсаттар қойып, басым бағыттарды айқындап берген болатын. Сол мақсаттардың ішіндегі ең күрделісі және ең бастысы Елбасымыздың сөзімен айтқанда, «Біздің алдымызда енді әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу мақсаты тұр». Міне, осы мақсатты жүзеге асыру, Елбасының жүйелі, жоспарлы бағдарламаларын, көрегенділігі мен салиқалы саясатын халыққа жеткізу, халықтың өмір сүру сапасын көтеру, олардың келешекке деген сенімін арттыру мәселелерін шешуге жұмыс жасау, тапсырмалардың орындалуын қадағалау «Нұр Отан» партиясының басты міндетіне зор жауапкершілікпен еніп отыр.

Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында айқындалған жаңа саяси бағыттарға байланысты күн тәртібіне шыққан өзекті жайттар сан мыңдаған отандастарды өз қатарына топтастырған «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы қызметінің басты бағыттарын стратегиялық тұрғыда қайтадан ой елегінен өткізуді талап етіп отырғандығы да шындық. Доктринада «Нұр Отан» партиясының рөлі өте жоғары. Бұрын партиямыз тек биліктің партиясы деп есептеліп келсе, енді бұл Доктринаның арқасында жалпыхалықтық партия мәртебесін алмақшы.

Өйткені, қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясы әлеуметтік мәселелерді шешуде өзінің іс-әрекетімен халықтың сенімінен шыққандығын көрсетіп отыр. Ал халықтың партияға сенімі дегеніміз, болашаққа зор үміт деген сөз. Міне, халықтың осындай таудай сенімін арқалаған партиямыз «Нұр Отан». Нұрлы болашақ жолында!» деп аталатын құжатты ел бірлігі мен тәуелсіздігін нығайтуға бағыттап отыр. Жобада биік мақсаттарды бағындырып, өзіміздің өркен жайған қуатты ел екендігімізді таныта білген Елбасымыз басқарған «Нұр Отан» партиясы еліміздегі ұлтаралық татулық пен ынтымақты, ауызбіршілікті жоғары деңгейге қойған. «Біздің басым құндылығымыз - берекелі бірлігіміз!», деген еді Елбасы. Және ол жетекшілік ететін «Нұр Отан» партиясы осы саясатты әрдайым басшылыққа алып келеді. Сонымен қатар, еліміздің саясатына сәйкес дер уақытында ұсынылып отырған маңызы зор іргелі құжатта «Нұр Отан» партиясының тұғырнамасы мен басты мұраттары нақтыланып, Елбасының мемлекеттік бағытының тұрақтылығы мен баяндылығын, көркеюін қамтамасыз ететін тірек ретінде «Қазақстан-2050» Стратегиясын табысты жүзеге асыруға қызмет ететін рөлі белгіленеді.

Ел азаматтарының өмірін сапалы түрде жақсартуға ұмтылу, оны қоғамның көптеген мүшелерінің күш-жігерімен және әлеуметтік тұрақтылықпен қамтамасыз ету - партия Саяси доктринасының басты міндетіне кірген. Онда әрбір азамат үшін мықты әлеуметтік кепілдемелер бар. Барлық партия мүшелерінің басын қосып отырған бастауыш партия ұйымдарының жұмысын сапалы жаңа деңгейге көтеру міндеті де тұр. Жаңа Доктринаны бекітудің негізгі мақсаты - қол жеткізген табыстарымызды одан әрі еселеп, мемлекетіміздің тұрақтылығы мен баяндылығын түбегейлі қамтамасыз ету. Осы мақсаттарды толық жүзеге асырады және жаңа Доктринаны қабылдау елдің жаңа серпінді даму имиджін қалыптастыруға жәрдемдеседі. Негізінен жобада қазіргі заманғы қоғамдағы бәсекелестіктің басты белгісі - бірегей білім мен технология болғандықтан, Қазақстанның болашағы - зияткер ұлт және инновациялық экономикада екені баса көрсетілген. Осы мақсатты орындауда басқару, гуманитарлық және білім беру инновацияларын дамыту арқылы білім қоғамын, жаңа экономиканың арқауы болып табылатын зияткерлердің табын қалыптастыруды көздеп, ғылым мен білімнің дамуына, жас азаматтардың инновациялық және шығармашылық әлеуетін іске асыруына, жаңа мүмкіндіктер жасауға айтарлықтай ықпал жасауды көздейді. Яғни жобада білім беру жүйесі білімнің жоғары деңгейіне қол жеткізуге және оны нарықтық экономика жағдайында қолдануға қабілет беруге тиіс. Мұндай білім азаматтардың мұқтаждықтарына және ұдайы оқуға деген ұмтылыстарына сәйкес келуі тиіс дегенді алға тартады.

Жаңа бағыттың мақсаты табысты дамудың жеті факторы атты бөлімде бірлік пен келісімді негізге ала отырып, бірлігі жарасқан, ынтымақшыл ел ғана алдына биік мақсат қойып, оған қол жеткізе алғандықтан, олардың қоғамдық келісімге, азаматтық және ұлттық ортақ құндылықтарға, жаңа қазақстандық патриотизмге негізделген бірлік - еліміздің сәтті әрі тұрақты дамуының берік іргетасын қалайтын қоғамды орнату қажеттілігі мақсат етіп қойылады. Елдегі мұндай бірлікті сақтау қазіргі әлемдегі келісімді қамтамасыз етудің негізгі тетігіне айналып отырғанын баса айқындайды.

Тағы бір назар аударатын жағдай, жобада жаһандану дәуірінде ұлттық-мәдени құндылықтардың әлсіреу қаупі тұрғанда және жаһандық құндылықтар маңыздылығы жоғарылаған тұста өзінің ана тілін, тарихын, мәдениеті мен дәстүрін дәріптейтін ұлт қана өркендей алатынын, отбасы біздің қоғамымызда дәстүрді сақтаудың басты институты, ал қоғам мен мемлекеттің беріктігі оның тұтастығына тікелей байланысты екені беріліп, қоғамдағы дәстүрге негізделген отбасы құндылықтарын нығайтуды көздеген және оны мемлекетті күшейтудің маңызды факторы ретінде санаған. Құжатта бұған да үлкен ден қойылған. Сондықтан Елбасы Жолдауындағы басымдықтар еліміз үшін бейбітшілік, тұрақтылық пен өркендеудің «Алтын ғасыры» кезеңінде көздеген мақсаттарға міндетті түрде жеткізетіндігіне және партияның тарихи жауапкершілігі айқындалған жаңа Доктрина Стратегиямен қатар 2050 жылға дейінгі даму идеологиясы болатынына сенімдімін.

Дегенмен, еліміздің егемендік жолындағы жасампаз істеріне сүбелі үлес қосқан «Нұр Отан» партия­сы қазіргі таңда күшті саяси ұйым ретінде ұлттық іс-қимылдардың жоспарын жүзеге асыратын мықты саяси механизм қалыптастырып, көпшілікті соңынан ертіп келеді. Оның үстіне тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктеріміздің біразы дерлік партияның парасатты ұстанымы арқасында мүмкін болғаны да шындық. Партияның барлық бағдарламалық мақсат-міндетін жүзеге асырудағы жұмыстың салмағы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев басқарған «Нұр Отан» партиясына түсіп отырғанына қарамастан, бүгінгі партия мемлекеттік саясаттың маңызды бөліктерін тиісті деңгейде іске асыратын, барынша ықпал ететін саяси күшке айналған.

Доктрина Қазақстанды жедел дамыту мақсатында елдің адами, интеллектуалдық мүмкіндігін жандандыру мен жұмылдыруға, әрбір қазақстандықтың лайықты өмір сүру деңгейіне жетуге, республика Конституциясы кепілдік берген азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мен қорғауға бағытталмақ. Осылайша еліміздегі саяси жүйенің негізгі бөлігі болып табылатын «Нұр Отан» партия­сы халық мүддесін көздей отырып, еліміздегі әр алуан партиялардың қатарынан суырылып шығып, азаматтық бастамаларды дамыту үшін жағдай жасауға ұмтылып, саяси кеңістікте нағыз халықтық партия екендігін дәлелдеп берді.

Соңғы жаңалықтар