Нұр-Сұлтан қаласының кешенді көлік схемасы бекітілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының кезектен тыс сессия отырысында елорданың кешенді көлік схемасы ұсынылып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласының кешенді көлік схемасы бекітілді

«Қаладағы көлік қозғалысын ұйымдастыру мен басқаруға қатысты қолданыстағы құқықтық жүйедегі олқылықтар мен қайшылықтарды жоюдың жолын ұсынамыз. Ол үшін қаланың кешенді көлік схемасын жасап, қабылдаған жөн. Кешенді көлік сұлбасына мына функциялар кіреді: алдымен көлік қозғалысын басқарудағы олқылықтар мен қайшылықтарды анықтау, жерді пайдалану мен қалалық көлік қозғалысын жоспарлауды біріктіру және көлік қызметі саласына жауапты органдардың функциясы мен өкілеттілігін қайта анықтау», - деді City Transportation Systems (CTS) ЖШС-нің басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов мәслихат отырысында жасаған баяндамасында.

Сондай-ақ, компания басшысы, көлік қозғалысы саласында алдағы 10 жылға арналған бірыңғай бақылау жүргізуді ұсынды.

«Сонымен қатар кешенді схемада көлік қызметі саласындағы басты проблемаларды анықтап, оларды шешуге басымдық берілмек. Одан бөлек, қоғамдық көлік, жол-көлік инфрақұрылымы, жол қозғалысын ұйымдастыру, көлік ағыны, автотұрақ кеңістігін басқару және тағы басқа проблемаларды шешу ұсынылып отыр», - дейді ол.

CTS-тің басқарма төрағасы аталған жұмысқа шетелдік мамандарды тарту керектігін айтты.

«Әкімдік халықаралық консультанттарды тарта отырып, кешенді көлік схемасын әзірлеуді қаржыландыру мен басқа да мүмкіндіктерді Үкіметпен пысықтайды. Қаржыландыру тетігі айқындалғаннан кейін, схеманы әзірлеу жұмыстары бойынша қажетті рәсімдер жүргізіледі», - деді Бекмарза Игенбердинов.

Бұған дейін CTS басшысы елорданың жол-көлік және қоғамдық көлік қозғалысындағы проблемаларды тізіп берген еді.