Нұр-Сұлтан мен Алматы көшелерінде полицияға хабарласу құрылғылары орнатылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл елорда және Алматы қаласының көшелерінде полицияға хабарласуға арналған құрылғылар орнатылады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан мен Алматы көшелерінде полицияға хабарласу құрылғылары орнатылады

«Біздің жаңа жобаларымыздың бірі алдағы уақытта көшелерде «SOS« атты құрылғы пайда болады. Ол саябақтарда, көше қиылыстарында, мектеп маңайларында және адам қозғалысы көп жерлерге орнатылады. Бұл құрылғы арқылы кез келген адам полицейге хабар бере алады. Айталық, адам көшеде келе жатып жайсыз жағдайға тап болды, полицейге хабарласуға мүмкіндігіңіз жоқ. Сол уақытта сіз далада орналасқан «SOS« құрылғысының тетігін бассаңыз, автоматты түрде полиция бөлімшесіне дабыл жетеді. Сол сәтте полиция мобильді қосымша арқылы сіздің қаланың қай жерінен хабарласып тұрғаныңызды анықтап, жедел әрекет етеді. Тағы бір ерекшелігі, сіз тетікті басқан сәтте мекенжаймен қоса сіздің бейнеңізді де көрсетеді. Жылдың соңына дейін Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында аталған құрылғыларды орнататын боламыз», - деді Сәкен Сәрсенов «SOS»-ты таныстыра тұрып.

Сондай-ақ, вице-министр полицейлерге заманауи бейнебақылау камерасы берілетінін тілге тиек етті.

«Тағы бір жаңалығымыз, полицейлерге арналған жаңа бейнебақылау камерасы. Құрылғының ерекшелігі, ол автоматты түрде жұмыс жасайды. Қазір қолданыстағы бейнебақылау камерасы автономды түрде жұмыс істейді. Ол дегеніміз полицей бейнебақылау камерасын қолмен басқарады, яғни қажет десе жазып, болмаса сөндіре салады. Немесе қуаты сөніп қалды деген сылтау айтуы мүмкін. Ал қазіргі бейнебақылау камерасы мобильді қосымшаға тікелей жалғанған. Бұл полицейлердің жұмысын жеңілдетумен қатар, оларға бақылау жүргізуге мүмкіндік береді», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР Ішкі істер вице-министрі Сәкен Сәрсенов балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған жаңа электронды құрылғыны таныстырды.

Сондай-ақ, министр орынбасары бұдан былай сотталған және үй қамауындағылар электронды білезік арқылы бақыланатынын мәлім етті.

Одан бөлек , вице-министр азаматтардың арыз-шағым түсіруіне арналған жаңа мобильді қосымшаны таныстырған болатын.