Нұр-Сұлтан тұрғыны қостанайлық полицейлерге алғыс айтты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Ольга Сайбель Қостанай облысы Сарыкөл ауданының полиция бөліміне алғыс хат жолдады. Полицейлер оның жоғалған ақшасын тауып берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елорда тұрғыны отбасымен Қостанайға бара жатқанда жол бойындағы дәмхананың жанына тоқтап, 700 мың теңгесі бар әмиянын ұмытып кеткен. Облыстағы Сарыкөл және Алтынсарин аудандарының полицейлері жедел әрекет етіп, әмиянды алған тұрғынды анықтаған. Кейінірек белгілі болғандай, кафенің жанына тоқтаған «Газель» автокөлігінің жүргізушісі жердегі әмиянды тауып алып, 90 шақырымнан астам жерге кетіп үлгерген. Бірақ оны Алтынсарин ауданының полицейлері санитарлық бекетте тоқтатқан.
Әмиян иесі жұбайымен бірге жергілікті полиция бөліміне хат жолдап, қызметкерлерге жеделдік пен кәсібилігі үшін алғыс білдірді», - деді ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз министрлікте өткен онлайн брифингте.