Нұр-Сұлтанда қосымша білім беру ұйымдары ашылады

«Бүгінде елордада 205 мың оқушы бар. Биыл 24 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Қалада қосымша білім берумен айналысатын 11 ұйым бар, онда 142 101 бала білімін толықтырып жатыр. Осылайша елордалық оқушылардың 74 пайызы қосымша біліммен қамтамасыз етілген. Оның 11 пайызы әлеуметтік осал топқа жататын отбасының балалары. Яғни әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан және жетім балалар қосымша білім берумен тегін қамтылған», - деді Қ. Сенғазиев қалалық мәслихаттың қоғамдық кеңесінің отырысында.
Сондай-ақ, басқарма басшысы астаналық оқушыларды қосымша білім берумен одан әрі қамтудың жоспарымен бөлісті.
«Қабылданып, іске асып жатқан шараларға қарамастан елордада қосымша білім беру күн тәртібіндегі мәселенің бірі болып қала береді. Осы тұрғыда келесі жылы 3 қосымша білім беру ұйымын ашу жоспары тұр. Осылайша тағы 5 мың астаналық оқушы қосымша білім берумен қамтылмақ. Қосымша білім беру 8 бағыттан тұрады. Ол ғылым, технология, туризм, сауықтыру, инклюзив, әлеуметтік-гуманитарлық, шығармашылық, көркемөнер. Жалпы қазіргі уақытта оқушылардың 26 пайызы қосымша білім берумен қамтылмаған», - дейді ол.
Оның айтуынша, бүгінде қалада мемлекеттік ұйымдардан бөлек 100-ге жуық жеке ұйым қосымша білім берумен айналысады.