Нұр-Сұлтанда өрт қауіпсіздігін жиі бұзатын нысандар аталды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында өрт қауіпсіздігі ережесін сақтай қоймайтын нысандар белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекеттік деңгейде бекітілген тәртіпке сәйкес ғимараттар өрт қаупі жоғары және төмен деп бөлінеді. Өрт қаупі жоғары нысандар қатарына білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары, ірі кәсіпорындар тағы сол сияқты мекемелер жатады. Яғни ғимаратта адам көп болса және оның аумағы үлкен болса демек өрттің болу қаупі де жоғары. Ал егер ғимараттың жалпы көлемі 1,5 шаршы метрден аз болса, онда біз ол мекеменің өрт қауіпсіздігін тексере алмаймыз. Ол дегеніміз шағын асхана, кәуапхана, дүкен және дүңгіршектер. Өкінішке қарай, аталған нысандардың иелері өрт қауіпсіздігі ережесін бұзып жатады. Біз олардың иелеріне тек өрт қауіпсіздігін ұстану керектігі туралы кеңес бере аламыз», - деді Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Еркін Отарғалымұлы елорда әкімдігінде онлайн өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, спикер шағын ғимараттардың өрт қауіпсіздігін неліктен мемлекеттік органдардың тексере алмайтындығына қатысты түсінік берді.
«Мемлекет шағын және орта бизнестің дамығанын қалайды. Сондықтан оларға түсетін салмақты азайтып жатыр. Яғни түрлі тексерістер мен бақылауды азайтуда. Соның ішінде өрт қауіпсіздігі де бар. Бірақ, кәсіпкер қауіпсіздік мәселесі өз мойнында екенін ұмытпаған жөн», - дейді ол.
Бұған дейін биыл елордада 5 адам өрт салдарынан қаза тапқанын хабарлаған едік.