Нұр-Сұлтанда шетел азаматтарының 800-ге жуық көші-қон заңнамасын бұзу фактісі анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Көші-қон тұрақтылығын одан әрі қолдау, көші-қонның криминогендік жағдайға қолайсыз әсер ету қаупін азайту мақсатында Нұр-сұлтан қаласының полиция департаменті ағымдағы жылғы 10-17 наурыз аралығында «Мигрант»жедел-алдын алу іс-шарасын өткізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтанда шетел азаматтарының 800-ге жуық көші-қон заңнамасын бұзу фактісі анықталды

Төрт күн ішінде астаналық гарнизонның қызметкерлері шетелдік азаматтардың елге келу ережесін бұзудың 774 фактісін анықтап, халықаралық іздеуде жүрген 8 азаматты ұстады, оның ішінде 1-і шетел азаматы.

Есіл ауданының полицейлері мемлекетаралық іздеуде жүрген 42 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматын ұстады. Ол 2021 жылдың желтоқсан айынан бастап Өзбекстан Республикасы Наманган облысы Ішкі істер басқармасының «қамау» бұлтартпау шарасымен іздеуде жүрген.

Сол жылдың қазан айында үйінің маңындағы ағаштарды кесіп жатқан жерінде көршісімен жанжалдасып, жанжал кезінде оған қайшымен дене жарақатын салғаны анықталды.

Қылмыстық қудалаудан жасырынған өзбек азаматы Қазақстан аумағына қашып кеткен. Елордада шетелдік азамат елордадағы қонақүйлердің бірінде аспаз болып жұмыс істеген. Қазіргі уақытта ер адам одан әрі Өзбекстан Республикасына экстрадициялау үшін ПД-нің уақытша ұстау изоляторына қамалды.