Нұрбек Оралбай әлем чемпионатында өзбекстандық боксшыға жол берді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық боксшы Нұрбек Оралбай (80 келі) Ливерпуль қаласында World Boxing аясында өтіп жатқан әлем чемпионатын ширек финалдан аяқтады.
Бұл кезеңде отандасымыз өзбекстандық боксшы Джавохир Умматалиевпен қолғап түйістіріп, қарсыласына есе жіберді.
Нұрбек Оралбай 2000 жылы Астана қаласында дүниеге келген. Қазірге дейін 2024 жылы Париж Олимпиадасында күміс жүлдегер атанса, 2023 жылы әлем чемпионы болған еді.
Дүбірлі дода 4-14 қыркүйек аралығында Англияның Ливерпуль қаласында өтеді. Жекпе-жектер «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Әлемнің әр қиырынан келген боксшылар 4-10 қыркүйек аралығында іріктеу кезеңінде сайысқа түседі. Ал 12-13 қыркүйекте жартылай болса, 13-14 қыркүйекте финалдық бәсекелер өтеді.
World Boxing ұйымының аясында алғаш рет өтетін әлем чемпионатына 68 елден барлығы 554 (ерлер - 329, әйелдер - 225) келді.
Еске салсақ, бұдан бұрын әлем чемпионатында Төрехан Сабырхан франциялық былғары қолғап шебері Макан Траореден басым түсті.