Нұрбек Оралбай: Олимпиадаға алтын медаль үшін келдік

ПАРИЖ. KAZINFORM — Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында жартылай финалға жолдама алған боксшы Нұрбек Оралбай жекпе-жектен кейінгі әсерімен бөлісті.

Нұрбек Оралбай жекпе-жектен кейінгі әсерімен бөлісті
Фото: Сали Сабиров/ҰОК

«Бүгінгі жекпе-жегім бәрі ойдағыдай өтті. Негізі осында алтын медаль үшін келгенбіз. Басқа балалардың барлығы менің ойымша қарсыластарынан емес, төрешілердің қателігінен ұтылып жатыр деп есептеймін. Бірақ, біз бұған бола босап қалмаймыз, керісінше бізді жігерлендіре түседі. Келесі қарсыласымның кім екені белгілі. Онымен бірінші рет шаршы алаңда жолыққалы отырмын. Енді келесі айқасыма дайындаламын», - деді боксшы.

Сондай-ақ, кеше өзінің егізі Айбек туралы да өз ойын айта кетті.

«Айбек 15 жылын осы спортқа арнады. Жарыс болғаннан кейін жеңіс те, жеңіліс те қатар жүреді ғой. Ер азамат қой, не болса да көтереді ғой. Өкінішке қарай ұтылып қалды», - деді Нұрбек Оралбай.

80 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан Нұрбек Оралбай бүгін қазақ боксшылары арасында бірінші болып жартылай финалға шықты.

Енді Астана уақытымен 23:30-да әйелдер арасында Карина Ибрагимова ширек финалға шығу үшін пуэрто-риколық Ашлэйн Мотта Лозадамен бокстасады. Сонымен қатар, 3 тамызға ауған түні, 00:20-да ерлер арасында қазақстандық Сәкен Бибосынов пен өзбек Хасанбой Дусматов арасындағы ширек финал жекпе-жегі өтеді.

Бибосынов пен Дусматов былтыр Азия ойындарының екінші айналымында бокстасып, Дусматов жеңіске жеткен еді. Дусматов – Рио Олимпиадасының чемпионы, ал Бибосынов – Токио Олимпиадасының қола жүлдегері. 

Бүгін қазақстандық спортшылар спорттың 8 түрінен – стендтік ату, академиялық есу, дзюдо, жеңіл атлетика, жүзу, семсерлесу, бокс және батут гимнастикасынан бақ сынап жатыр.

Соңғы жаңалықтар