Нұрғиса Әділетұлы: Ұзақ үзілістен кейін қайта оралу оңайға соқпады

НАГОЯ. KAZINFORM — Қазақстандық спортшы Нұрғиса Әділетұлы Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарын қортындылап, Kazinform тілшісіне сұхбат берді.

Нұрғиса Әділетұлы
Фото: Сали Сабиров

Ауыр атлет жарақатынан жазылып, бір жылдық ұзілістен кейін жарыс алаңына шығу оңай болмағанын айтты.

- Бүгін жарыс мен үшін ауыр өтті. Бастапқы жоспар бойынша бірден 178 келіні еңсеру керек болған. Алайда қыздырыну кезінде өзімді бабымда сезінбедім. Сол себепті ауырлықты 1 келіге азайтты. Өкінішке қарай, бірінші көтеру сәтсіз аяқталды. Осыдан кейін өзімді жинап, нәтиже көрсету керек екенін түсіндім. Жалпы, жарақатыма байланысты операция жасатып, Ислам ойындарынан кейін бір жыл үзіліс алып, осындай ірі жарыста алаңға қайта оралу оңайға соққан жоқ. Салмақ теңшеу, тамақ және ауа райына үйірлесу бар, - деді Нұрғиса.

Спортшы бүгінгі қарсыласы және өзінің нәтижесіне баға берді.

Нұрғиса Әділетұлы
Фото: Сали Сабиров

- Серпе көтеруде Азия чемпионаты және Азия ойындары рекордын жаңаладым. Негізі мүмкіндігім жақсы болатын. Жаттығуда 225 келіге дейін көтере алдым. Ал жарыс алаңы мүлдем басқаша болды, бар күшімді салдым. Ирандық қарсыласымды жақсы білемін, соңғы рет 2024 жылы оны жеңіп алған едім. Осы жолы оның кезегі келіп, мерейі ұстем болды, - деді ол.

Нұрғиса Әділетұлы Азиада чемпионы болуды армандағанын, сондай-ақ алда тіпті де үлкен белестен көрінуді жоспарлап отырғанын тілге тиек етті.

- Алтын медаль үшін барымды салдым. Өзімде Азиада чемпионы атағын қатты армандадым. Кәсіпқой мансабымда Азия және әлем чемпионаты, сонымен қатар Ислам ойындары чемпионы атағым бар. Сол себепті, Азиада чемпионы атағы мен үшін айрықша маңызы бар. Алдағы уақытта қателіктермен жұмыс істеп, жақсы нәтижелерге қол жеткізе алатыныма сенімдімін, - деді спортшы.

Еске салайық, ауыр атлет Нұрғиса Әділетұлы ерлер арасында 95 келі салмақта ел қоржынына күміс медаль салды.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Алексей Чуркин ауыр атлетикадан әлем рекордын жаңартып, Азиаданың күміс жүлдегері атанған болатын.