Нұрлан Байжігітұлы: Қазақ қоғамын мұсылман және мұсылман емес деп бөлуге болмайды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақ қоғамын «мұсылман» және «мұсылман емес» деп бөлуге болмайды. Бұл туралы Нұрлан Байжігітұлы «BIZDIN ORTA» подкастында айтты.

Нұрлан Байжігітұлы: Қазақ қоғамын мұсылман және мұсылман емес деп бөлуге болмайды
Видеодан алынған скрин

— Біз халықты мұсылман, мұсылман емес деп бөліп бара жатырмыз. Қазақ халқы, Құдайға шүкір, әу бастан мұсылман халық деп айтамыз. Бірақ соңғы кездері «ол намаз оқиды, мұсылман ғой», «ораза ұстайды», «мешітке барады» деген түсінік қалыптасып барады. Сонда қазақты екіге бөле беретін болсақ, біз халықты қайда сүйреп бара жатырмыз? — деді ол.

Оның айтуынша, қоғамды діни ұстанымына қарай жіктеуге жол бермеу керек.

— Бұны бөліп-жармау керек. Бізге ұлттық құндылықтарымызға тән дүниелер бар, дініміз бар. Болды. Егер «мұсылмандықтың тойы» деген сөзді айтатын болсақ, автоматты түрде «мұсылман еместердің тойы» деген түсінік шығады. Қарама-қайшылық осы жерде. Сонда «сен кімдердің тойына бардың?» дегенде, «кәпірлердің тойына бардық» деп айтамыз ба? Бұл дұрыс нәрсе емес, — деді Нұрлан Байжігітұлы.

Ол қазақтың тойлары діни талаптарға қайшы келмей, қарапайым әрі отбасының жағдайына қарай өтуі керек екенін атап өтті.

— Біздің тойларымыздың барлығы шариғаттың шеңберінде өтіп жатыр десем, артық емес. Тек ішімдік мәселесі, шектен шығу әдебі біздің күнделікті болмысымызға да қарсы болып жатыр. Бұл қоғамның да теріс пікірін туғызып отыр. Сондықтан осы мәселелерді реттеп, тойды адамның өз жағдайына қарай, қарызға батпай, ешкімге жақсы көрінуге тырыспай, қарапайым әрі жақсы өткізген жөн, — деді ол.

Ол тойларда бәсекеге түсіп, өзгеден асып түсуге ұмтылу үрдісіне де тоқталды.

— Біз тойлардың арасында жүрміз, тойдың батасын беріп жүрмін. Бірақ өкінішке қарай, «біреуден қалмайын, алдыма жан салмайын» деген түсінік бар. Біреу бір нәрсе таратса, бірі бриллиант таратады, енді бірі ақша береді. Бізде «барлық нәрсені істетпейтін дүние жоқ» дегендей түсінік қалыптасқан. Тойларымыздың бәрінде «байлық не дегізбейді, жоқтық не жегізбейді» деген сөздің мәні көрініп қалады, — деп түйіндеді ол.

Бұған дейін қоғамда тойшылдықтың маңызы қандай екенін жазғанбыз.