Нұрлан Ноғаев «Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалының төрағасы болып сайланды

Партияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, 30 наурызда Атырау облысына жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары А.Мырзахметов облыстық партия филиалының кезектен тыс конференциясына қатысты. Шара барысында Атырау облыстық партия филиалының жаңа төрағасы болып облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сайланды.
А.Мырзахметов өз сөзінде Парламент Мәжілісінің төрағасы болып сайланған Б.Ізмұхамбетовке Атыраудағы облыстық филиал төрағасы лауазымында үш жарым жылдан астам уақыт ішінде атқарған еңбегі үшін ризашылығын білдірді. Ал партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалын 5 жылдай мерзімде табысты басқарған Атырау облыстық филиалының жаңа басшысы Н.Ноғаевты құттықтай келе, Елбасының партия алдына қойған міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыру жолындағы жұмысына сәттілік тіледі.
Конференция барысында Төрағаның бірінші орынбасары әріптестерін өткен Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауындағы ортақ жеңіспен құттықтады.
Электоралдық науқан барысында бүкіл елді аралап, сайлаушылармен кездесулер өткізген Республикалық сайлауалды штаб өкілдерімен қатар, 16 аймақтық және 208 аумақтық сайлауалды штабтары құрамында 30 мыңнан астам партия белсенділері күнделікті қызмет атқарды.
Сондай-ақ А.Мырзахметов жуырда өткен партия Саяси кеңесі Бюросының отырысында Мемлекет басшысының партия алдына қойған міндеттерді табысты жүзеге асырудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Айта кетерлігі, жергілікті мәслихат депутаттары сайлауының нәтижесі бойынша облыс бойынша 134 орынның 132-і, яғни 98%-дан астамы «нұротандықтардың» еншісінде.