Нұрлан Нығматулин мен Чжан Дэцзян Қазақстан мен Қытайдың заң шығарушы органдары арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады

Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы арасындағы сындарлы іс-қимылдың жаңа кезеңін ашатын тарихи құжатқа бүгін Бейжіңде қазақстандық парламентшілердің қытайлық әріптестерімен кездесуі барысында қол қойылды.
Нұрлан Нығматулин мен Чжан Дэцзян Қазақстан мен Қытайдың заң шығарушы органдары арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Тараптар қазақстандық-қытайлық ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалады. Осы жолда мемлекеттер Көшбасшыларының қол жеткізген келісімдері өзара түсіністік пен тату көршілік жағдайында қарқынды және сындарлы даму жолына түскен мемлекетаралық қарым-қатынастың жарқын үлгісіне айналғандығына баса назар аударылды.
Нұрлан Нығматулин мен Чжан Дэзцян Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің ұзақ мерзімді құжаттарында көрсетілген мақсаттарды заңнамалық қамтамасыз ету бағытында парламенттер алдында үлкен міндеттер тұрғанын атап өтті.
Қазақстандық және қытайлық парламентшілердің алдағы бірлескен әрекетке байланысты жоспарлары зор. Қол қойылған Меморандумға сәйкес, заң шығару саласында парламенттердің салалық комитеттері, ынтымақтастық жөніндегі топтары арасында тәжірибе алмасу жүзеге асырылады. Сондай-ақ халықаралық парламенттік ұйымдар шеңберінде өзара қолдау білдіру көзделуде.
«Мәжіліс пен Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандум Қазақстан мен Қытай көшбасшыларының стратегиялық уағдаластықтарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етеді», - деп атап өтті ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжан Дэцзян да екі ел басшыларының келісімдерін табысты жүзеге асыру үшін парламентаралық қатынасты нығайтудың маңыздылығы зор екенін атап өтті.
Келіссөздер нәтижесінде қазақстандық тарап тиімді үнқатысу алаңы ретінде ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық комиссия құруды ұсынды.
Бірлескен парламенттік комиссияның алғашқы отырысы ендігі жылы Астанада өтеді.