Нұрлан Нығматулин мен Джон Бэрд Қазақстан мен Канада арасындағы жан-жақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Нұрлан Нығматулин Канада Қазақстанның маңызды саяси және экономикалық әріптесі екенін баса айта келіп, аталған елмен ұзақмерзімді және сындарлы қарым-қатынасты дамытудың қажеттілігіне тоқталды.
Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы Президенттің «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру жолында біздің еліміздің сауда-экономикалық салада, инвестициялық әріптестік, ауылшаруашылығы, атомдық өнеркәсіп, сондай-ақ, инновация және «жасыл» технология бағыттарында ықпалдастықты күшейтуге ынталы екендігіне баса назар аударды.
Джон Бэрд өз кезегінде біздің еліміздің осы уақыттар ішінде жеткен жетістіктеріне назар аударып, өз таңданысын жасырмады. Сөзін сабақтай келіп:
«Бүкіл әлем Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан мемлекет екенін біледі. Сіздердің Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қаруды таратпау мәселесінде көшбасшы ретінде танымал», - деді.
Тараптар халықаралық деңгейдегі сұрақтар төңірегінде пікір алмаса келіп, Ауғанстандағы жағдайды реттеу және тұрақтылық орнату жайында да өз ойларын ортаға салды.
Парламентаралық, соның ішінде, екі палата арасында парламентаралық іс-қимылды нығайту жайы да назардан тыс қалмады. Сондай-ақ, қос мемлекеттің парламенттерінде құрылған ынтымақтастық жөніндегі топтардың да өзіндік ықпалы зор болмақ.
Мәжіліс Төрағасы мен Канада Сыртқы Істер министрі алдағы уақытта да парламентаралық байланыспен қатар, казақстандық-канадалық қатынасты одан әрі жан-жақты тереңдетуге сенім білдірді.