Нұрлыбек Нәлібаев «Кеген» өткізу пунктіне барып, нысанды дер кезінде аяқтауды тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматы облысына жұмыс сапары аясында Кеген және Райымбек аудандарының жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстарымен және Қонаев қаласындағы әкімшілік нысандардың құрылысымен танысты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Ең алдымен Кеген ауданындағы «Кеген» өткізу пунктіне барып, мемлекеттік органдар мен ұйымдарға нысанды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Кеген мен Райымбек аудандарын жалғайтын автомобиль жолын жөндеу жұмыстарын көріп, талаптарды қатаң сақтауды, жол жабынының сапасын бақылауды және көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді міндеттеді.
Мемлекет басшысы жол құрылысының сапасын бағалау жүйесін қайта қарау және құрылыстың барлық кезеңінде бақылауды күшейту туралы тапсырма бергені белгілі. Алдағы уақытта жол сапасы жекелеген нысандарды тексерумен ғана шектелмейді, жобалау, салу, жөндеу және пайдалану кезеңдерінің барлығында бағалаудың нақты әрі бірізді тәсілдері қолданылады.
Бүгінде бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы, жолдардың барлық сапа стандарттарына сәйкес келуі Үкіметтің қатаң бақылауында. Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс кестесін сақтау, инженерлік желілердің дайындығын қамтамасыз ету және техникалық қадағалауды күшейту жөнінде тапсырма берді. Бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылау, нысандарды құрылыс нормалары мен қауіпсіздік талаптарына сай пайдалануға беру басты назарда болуы тиіс.
Талғар ауданының экс-басшысы Кеген ауданына әкім болғанын жазған едік.