16:57, 12 Қаңтар 2009 | GMT +5
«Нұрлы көш» бағдарламасын жүзеге асырудың әр өңір үшін де маңызы зор
ОРАЛ. Қаңтардың 12-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - «Нұрлы көш» бағдарламасын жүзеге асырудың әр өңір үшін де маңызы зор. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің Батыс Қазақстан облыстық департаментінің бастығы Ғабдірашит Қарменов
ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осылай деді.
- Ел Үкіметі алдағы жылдарға арналған көші-қон саясатын айқындайтын «Нұрлы көш» бағдарламасын қабылдады. Осы орайда, Батыс Қазақстан облысы қанша оралман отбасын қабылдауды жоспарлап отыр? Оларды орналастыратын аумақтар мен елді мекендер белгіленді ме?
- ҚР Үкіметінің «2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасын бекіту туралы» 2008 жылғы желтоқсанның 2-сіндегі №1126 қаулысына сәйкес осы жылдары аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруға барлығы 197 795,6 млн. теңге қаралып отыр. Бұл қаражат республикалық, жергілікті бюджеттерден және ҚР заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздердің есебінен берілетін болады. Үш жылда 23,2 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілмек. Бұл ретте «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы оралмандарға 4 пайыздық жылдық мөлшерлемемен несие беріледі. Бағдарламаға қатысушы алғашқы 5,5 жыл ішінде банктің пайыздарын ғана өтейді, негізгі төлемдеріне содан кейін кезек келеді. Бұл, әрине, оралмандар үшін үлкен көмек. Оған қоса, әр отбасыға суармалы алқаптан екі гектардан жер беріледі. Бұл жерге олар көкөніс, бау-бақша дақылдарын егіп, өз күнкөрісін көрумен қатар, алған несиесін қайтаруға да мүмкіндік алады.
Пилоттық жоба бойынша бағдарламаны жүзеге асыруға Оңтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары биыл кірісетін болса, қалған өңірлер келесі жылдан бастайды. Осынау игілікті істен Батыс Қазақстан облысы да тыс қалмайды. Осы кезеңде аймақта 1458 отбасын қабылдау көзделіп отыр. Дайындық жұмыстарын атқару мақсатында облыстық, аудандық әкімдіктер жанынан арнайы комиссиялар құрылды. Сондай-ақ республикалық жұмыс тобының мүшелері де келіп, оралмандар орналасатын жерлермен танысты. Сонымен, бәрін елеп-екшей келе, Ақжайық, Бөрлі, Зеленов, Сырым, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау - барлығы жеті ауданнан 25 елді мекен таңдап алынды. Бұлардың бәрі де қаладан онша қашық емес, мектеп, балабақшалары бар, электр қуаты, ауыз сумен қамтамасыз етілген, көпшілігіне табиғи газ қосылған, тұрақты телефон, жол байланысы бар, яғни инфрақұрылымы біршама дамыған ауылдар. Мысалға Ақжайық ауданындағы Тайпақ, Алмалы, Қабыршақты елді мекендерін айтуға болады. Ең бастысы, осы ауылдардың бәрі де оралмандарды қабылдауға дайын.
Облыста алдағы екі жылда келетін 1458 отбасыға аталмыш банк арқылы 5 млрд. 373 млн. теңге несие беріледі деп есептелініп отыр. Оларға сол 25 ауылдың бас жоспарына сәйкес үй салу үшін 10 сотықтан жер беріледі. Сонымен қатар, облыстық бюджеттен 828 млн. теңге сол жерлерге электр желісі мен су құбырын тартуға, жол салуға жұмсалады. Бұған қоса әр отбасыға шағын бизнеспен дендеп айналысып кетуі үшін «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры арқылы 1 млн. теңгеге дейін несие берілмекші. Бұл ? 1458 отбасы үшін 1 млрд. 176 млн. теңге тағы бөлінеді деген сөз. Қазіргі кезде аудандарда бизнес-жоспарлар жасалынып қойылды, яғни келген оралман өзіне пайда түсіретін қандай бағдарламамен жұмыс жасаймын десе де, ерікті. «Елге ел қосылса, құт» демекші, бұл бағдарламаның елге берері көп деп отырмыз.
- Алдағы айларда елімізде халық санағы өткізілмекші. Белгілі демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтің айтуынша, осы санақта республика халқы 16 миллионнан, соның ішінде қазақтар 10 миллионнан асып, 62 пайызды құрамақ. Мұнда біздің оралман бауырларымыздың үлесі қандай деп ойлайсыз?
- Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері елімізге 760 мыңдай оралман келген. Мақаш Тәтімовтің шамалауынша, кейінгі өсіп-өнуін есептегенде, олардың саны 1 миллионға жеткен делінеді. Батыс Қазақстан облысын алсақ, қалаға жақын Зеленов, Теректі аудандарында қазақтардың үлес салмағын арттыруға оралмандар өз үлесін қосып келеді.
Елімізде көші-қон процесі 1991 жылдан басталса, содан бері Батыс Қазақстан облысына 3249 отбасы немесе 14617 адам орналасып, мемлекеттен тиісті жәрдемақыларын алды. 2008 жылы Үкімет тарапынан 300 отбасыны қабылдауға тапсырма берілсе, бұл да орындалды. Жалпы, мемлекеттің оралмандарға қажетті әлеуметтік көмек пен қолдау көрсетіп келе жатқанын мынадан-ақ анық байқауға болады. Қазіргі уақытта біржолғы жәрдемақыны, тұрғын үй алуға берілетін қаражатты, жол ақысы және жүк тасымалдау шығыстарының өтеміне берілетін қаржыны ескергенде, орта есеппен бес адамнан тұратын әр отбасына 833 мың теңге қаражат бөлінеді. Былайша айтқанда, өткен жылы сол үш жүз отбасы немесе 1485 адамға 235 млн. 331 мың теңге төленді. 300 отбасының 250-і Өзбекстаннан, 47-сі Ресейден атамекенге ат басын бұрса, Қырғызстан, Түрікменстан, Украинадан бір-бірден келді. Бұлар негізінен қалаға және соған жақын аудандарға орналасты. Оралда жер телімін алу мәселесі қиындау болғанымен, аудандарда бұл біркелкі шешілген. Ал шаруа қожалығын құрып, өз кәсібін жүргіземін деген азаматтар үшін облыс бойынша көші-қон қоры жасақталған. Оралман мәртебесін алғаннан кейін әркім де Қазақстан азаматтарымен бірдей әлеуметтік жәрдемақы, зейнетақы және басқалай көмек алуға құқылы. Бұрын оралмандарды жұмысқа алу мәселесі кешіктіріліп келсе, өткен жылы Үкімет қаулысына сәйкес әлеуметтік жеке коды мемлекеттік зейнетақыны төлеу орталығынан берілетін болды. Сөйтіп, олар азаматтық алғанын күтпей-ақ еңбек орнын таба алады. Бұл ретте айта кетелік, жергілікті атқарушы билік оралмандарға оң көзімен қарап, олардың жұмысқа, балаларының мектепке, балабақшаға орналасуына көмектесіп келеді. Қазіргі кезде оралмандардың алды жергілікті халықпен мидай араласып, құдандалы, ағайын-туыс болып үлгерді. Бірқатары өз шаруаларын жақсы жүргізіп, көзге ілінуде. Айталық, Зеленов ауданы Дариян ауылында Ұзақбай Балашов деген азамат жүз гектар жер алып, соған жыл сайын бау-бақша дақылдарын, арпа, бидай егіп, табысын еселей түсуде. Сол секілді Оралда тұратын Айдар Әбдіраманов 3,7 гектар жерге көкөніс қоймасын салуда. Болашақта Зеленов ауданынан 100 гектар жер алып, көкөніс, жеміс-жидек өсірумен айналыспақшы. Міне, бұл ? осындай ауқатты адамдар қатары көбейіп, ел еңсесі көтеріле түсетініне жарқын мысал. Оған «Нұрлы көш» бағдарламасының да тың серпін беретініне ешқандай күмән жоқ.